Шығыс Қазақстанда ауа сапасы жақсармақ

0
143

Тың технологияларды жүйеге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Шығыс Қазақстанда ауа сапасы жақсармақ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасының әрбір өңірінде сол аумақтың оң жамбасына келетін жұмыстар атқарылады. Тиісінше, еліміздің шығыс бөлігінде индустрия саласы ерекше дамыған. Бұл тұрғыда, аталған өңірдегі елу жылдан астам тәжірибесі бар, әлемдік деңгейдегі кәсіпорын – Үлбі металлургия зауытын, Титан-магний комбинатын, Казцинк өндіріс орнын айрықша атап өтуге болады. Өйткені, бұл өндіріс орындары тау-кен ісі арқылы Шығыс Қазақстанның ғана емес, еліміздің экономикасын ілгерілетуге үлес қосп жатыр. Дегенмен, өңірдегі мұндай зауыттардың зиянды тұстары да бар. Ол – ауаның ластануы. Атап өтер болсақ, жуырда облыс әкімдігі осы мәселеге қатысты ресми ақпарат жариялап, өңірдегі өнеркәсіп орындары бір жылда атмосфераға елу төрт мың (54 000!) тоннадан зиянды қалдық шығаратынын мәлімдеді. Десе де, Шығыс Қазақстан облысында бұл кері көрсеткішті азайту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр екен. Соның арқасында бұрындары кәсіпорындардан ауа қабатына жүз мың тоннадан астам қалдық шығарылатын болса, қазір осы деңгейге жеткізілген. Тиісінше, мұндай оң көрсеткішке өңірдегі өндіріс орындарының заман талабына сай жаңа сүзгілерді орнатуы ықпал еткен екен. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да іске асырыла бермек.


Айталық, қазіргі таңда Казцинк өнідірс орны қалдықтан пайда болатын зиянды газдерды толықтай тазартатын жүйені қолданысқа енгізіп жатыр екен. Сәйкесінше, бұл жүйенің көмегімен бірнеше жылдың ішінде ауа қабатына тарайтын улы газдар көлемін 2000 тоннаға азайтуға болады. Сонымен қатар, облыс орталығында орналасқан жылу электр орталығы қазандықтарының эмульгаторларын жаңарту арқылы көмір күлінен пайда болатын қалдықтар сегіз тоннаға кемітілетін көрінеді. Осы ретте жергілікті атқарушы органдар тұрғындарға жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен тың жобаларды түсіндіріп, хабардар етуде де қолға алған.


Тағы бір айта кетерлігі – бүгінде шығысқазақстандық билік өкілдері облыс орталығының экологиялық ахуалын оңалту мақсатында жол картасын дайындапты. Аталған құжатқа сәйкес, алдағы үш жыл ішінде қырықтан аса іс-шара мен жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта өңір басшысының тапсырмасына сәйкес аталған іс-шараларды қаржыландыру ісінен бастап, олардың қандай нәтиже беретініне дейін зерделеніп жатыр. Себебі, облыс басшысы Ермек Көшербаевтың айтуынша, мемлекет бұл мәселенің салдарымен емес, пайда болу себептерімен күрес жүргізуі тиіс.


Сондай-ақ, облыс орталығында еліміздің тұрақты түрде өркендеуі жолындағы жобалар мен тапсырмалардың орындалуын бақылайтын Парламенттік комиссияның кезекті жиыны өткізілді. Бұл жиынның тақырыбы – «Ауаның ластануы экологиялық қауіпсіздікке қатер» деп аталды. Осы басқосуда Сенат төрағасы Әшімбаев Мәулен Мемлекет бастысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі экологияға айрықша көңіл бөліп отырғанын айтып, ауаның сапасы адамдардың өмірі үшін өте маңызды екенін еске салды. Сәйкесінше, көптеген жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысының орталығында бұл мәселеле күрделене түскенін айтып, кейбір күндерде мұндағы ауаның ластануы қалыпты деңгейден бірнеше есе артып кететінін мәлім етті. Бұл тұрғыда зерделеу жұмыстары жүргізіліп, былтырғы жылы қырықтан астам дерек тіркелген екен. Оған өңірдегі қалдықтары өте қауіпті жиырмадан астам өнеркәсіп орталығы да ықпал ететін көрінеді. Сондықтан, Ата Заң талаптарына сәйкес өңірде ауаға тарайтын қалдықтарды азайту, өндіріс орындарын жаңа технологиялармен жабдықтап, сүзгілер орнату сынды жұмыстар қолға алынған. Тіпті бұл бағытта жаңадан экологиялық кодекс те қолданысқа енгізілген.


Аталған басқосуда өңір басшысы да сөз кезегін алып, өңірде салынатын қатты тұрмыстық қалдық полигондарының жобасын дайындау туралы ұсыныс жасады. Аталған қоқыс полигондарының жобаларын іске асыру арқылы экологиялық жағдайды түзетуге үлес қосып, бюджет қаражатын да тиімді пайдалануға болады екен.


Сондай-ақ, аталған жиын аяқталар тұста хаттамаға бірқатар ұсыныс енгізілді. Оның ішінде: орта және ірі кәсіпорындарға экологиялық тұрғыдан тексеру жүргізу мерзімін он бес күннен отыз күнге дейін ұзарту; өңірде орналасқан кәсіпорындарды табиғи ресурстар мен жалпы қоршаған ортаны ахуалына зерделеу жүрізетін автоматты жүйелермен жабдықтап, ол жүйелерді ұлттық деректер банкіне қосу; ауа қабатын қорғау саласында табысты қызмет қызмет ететін мамандарды даярлауға көңіл бөлу; атмосферасы ластанған аумақта өмір сүріп жатқан шығысқазақстандықтардың денсаулығына бақылау жүргізіп, нәтижесін шығару сынды ұсыныстар бар. Сәйкесінде бұл ұсыныстар Экология, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау сынды салаларға жауап беретін министрліктерге жолданды.


Ал, облыс әкімдігіне су және энергия ресурстарын үнемдеуге арналған жоспар даярлап, алдағы екі жылда оны жүзеге асыру; қала мен өнеркәсіп орындары аумағындағы жасыл желектің көлемін ұлғайту; қалдықтарды бөлек жинау арқылы қайта өңдеу ісін ілгерілету; жеке секторларға табиғи газ жүргізу; жылу электр орталығын жөндеу және қайта жаңғырту сынды тапсырмалар жүктелді.


Сонымен қатар, жиын қатысушылары бірнеше өнідіріс орындарының жұмысымен танысса, енді бір комиссия мүшелері жергілікті депутаттармен мәселелерді шешу жөнінде кездесу өткізді. Ал, өңір басшысы облыс экономикасының көтеріліп, өнеркәсіп пен өңдеу салалары ілгерілеп келе жатқанын, сонымен бірге өңірге инвестиция тартып, кәсіппен айналысамын дегендерге жайлы жағдай жасауға көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.Одан бөлек, экология саласындағы мәселелер басты тақырып болып қала беретінін айтты.


Жалпы, әлемдік банк деректеріне сүйенсек, жыл сайын еліміздегі он мың азамат ауаның ластануынан зардап шегіп, көз жұмады екен. Ал, бұл мәселенің ел қазынасына келтіретін шығыны жеті млрд. АҚШ долларына жететін көрінеді. Сәйкесінше, еліміз елді мекендердің ластануы көрсеткіші бойынша отыз бесінші орынға тұрақтаған. Бұған өнеркәсіп орындары, энергетика, көмір өндірісі, мұнай өңдеу, тау-кен, металл өндірісі салалары мен көліктердің қалдықтары басты себеп болып отыр екен. Осылайша жыл сайын елімізде бір миллиард тоннаға жуық қалдық шығарылып, бүгінде оның жалпы көлемі тыз екі миллиард тоннаға жуықтаған. Алайда, қалдықты қайта өңдеу саласы тұралап тұр. Сондай-ақ, қоршаған ортаның зардап шегуіне заңсыз қоқыс орындары да себеп болуда. Тиісінше, IQAir деп аталатын әлемдік рейтингке енген мемлекеттердің ішінде еліміз ауасы ең лас қырық елдің қатарына енген.


Дегенмен, қазіргі уақытта заманауи технологиялар өндіріс жүйесіне енгізіліп, экологиялық ахуал біртіндеп оңалып келе жатыр. Оған экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік саясат пен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да өз ықпалын жасауда.


ERNUR.KZ