Созақта жастар төбелесіп, травматикалық қарудан оқ атқан

0
840

Күдіктілер Шымкент қаласында қолға түскен.


Созақта жастар төбелесіп, травматикалық қарудан оқ атқан

Түркістан облысы Созақ ауданында жастар арасында төбелес боп, 25 жастағы жігіт травматикалық қарудан жарақат алған деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жанжалдасып жұдырықтасқандар қарумен жәбірленушінің иығы мен арқа тұсынан жаралап оқиға орнынан қашып кеткен. Жарақат алған жігіт Созақ аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер бірден кезекші полицейлерге хабар берген. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан қарудың оқсауыты мен басқа да айғақты заттарды тәркілеп алған. Оқиға орнынан қашып кеткен күдіктілердің ең алдымен көрші облысқа, сосын Шымкент қаласына барғаны белгілі болған.

"Бұл жайт ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі "Бұзақылық" бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Оқиға орнынан полиция қызметкерлері қарудың оқсауыты мен басқа да заттай айғақтарды тәркілеп алды. Күдіктілерді ұстауға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел уәкілдер жәбірленушінің таныстарынан жауап алып, болуы мүмкін күдіктілер шеңберін құрып, бейнебақылау камераларын тексеріп, аулаларды аралап, басқа да іздестіру шараларын жүргізді,"- деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде күдіктілер Шымкент қаласында қолға түсті. Олардың бірі Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғыны болса, екіншісі Шымкент қаласының тұрғыны боп шықты. Полицейлер күдіктілерден травматикалық қаруды тәркілеп алған. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушімен бұрын болған түсінбестіктен жанжалдасқандарын анықталды. Полицейлердің мәлімдеуінше, екі күдікті де кепілмен бостандыққа шыққан. Тергеу оқиғаның мән жайын анықтайтын болады.

Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі травматикалық қарудан жарақат алған жігіттің жағдайы жақсарған деп мәлімдеді.

"1995 жылы туған науқас травматикалық қарудан жарақаттанып ауруханаға жеткізілген. Оң иығы мен арқасы жарақаттанған. Түскен кезде жағдайы орташа ауыр халде болды. Бірінші медициналық көмек көрсетіліп, жарақат таңылды. Науқас амбулаториялық ем алуға жіберілді,"- делінген хабарламада.