​Субсидия алуға өтінімдер электронды түрде қабылданады

0
2 238


​Субсидия алуға өтінімдер электронды түрде қабылданады

Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімдігін басым дақылдардың құнын субсидиялау қағидасының талаптарын түсіндіру мақсатында алқалы жиын өтті. Мәжіліске Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғынбек Оспанов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әлібек Пләлов, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов және ауыл округ әкімдері, мақта өңдеу зауыттары мен фермерлік шаруа қожалықтарының басшылары қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғынбек Оспанов биылғы басым дақылдардың құнын субсидиялау қағидасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді.

«Бұдан былай мақта талшығына берілетін субсидияны алуға өтінімдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қағаз түрінде не «электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы электронды түрде берілетін болады. Осыған сәйкес субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы өтінім беру тәртібі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің qoldau.kz сайтында агроөнеркәсіптік кешенін өтінім қабылдаудың нұсқамасы жарияланған. Субсидия алуға қажетті құжаттар тізімі - қайта өңдеу кәсіпорны мен шаруа қожалық арасындағы келісімшарт, қайта өңдеу кәсіпорны берген салыстыру актісі (счет фактура), мақта талшығын сату, сатып алуды растайтын электронды счет-фактура қажет», - деді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әлібек Пләлов.

Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі бойынша туындаған барлық сұрақтар бойынша «Ақпараттық есептеу орталығы» акционерлік қоғамының облыстық филиал маманы Бақдаулет Спановқа 87252213877, 21-38-79 немесе 8-776-342-97-88 телефондары арқылы хабарласуға болады.
Жиын барысында шаруа қожалықтарының төрағалары сөз алып, аталған қағидатқа өзгерістер енгізу туралы ұсыныс білдіру қажеттігін көтерді. Сондай-ақ, жиында мақта дақылының тиімділігін арттыру жөнінде де сөз қозғады.

Дереккөз: Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі