«Тұғыры биік өнерім» жобасы бастау алды

0
1 980

ERNUR.KZ. Шымкенттегі облыстық орыс драма театрында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның "Тұғыры биік өнерім" жобасы аясында алғашқы салтанатты концерті өтті.


«Тұғыры биік өнерім» жобасы бастау алды

ERNUR.KZ. Шымкенттегі облыстық орыс драма театрында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның "Тұғыры биік өнерім" жобасы аясында алғашқы салтанатты концерті өтті.

Кешке жиналған өнер сүйер қауым «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі мен «Тұмар» фольклорлық ансамблінің жаңа туындыларын тамашалады.

Сонымен қатар, «Алаш» аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен заманауи эстрада туындылары және ұлт ерекшеліктерін айқындайтын дәстүрлі әндері мен күйлері жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Ал халықаралық, республикалық би байқауларының лауреаты "Қазына", "Тұмар" би ансамбльдері әлем халқының ұлттық билерін өз нақышында шебер орындады.

Концерттік бағдарламада көрермен қазақ халқының салт-дәстүрі тұсаукесер рәсімінің куәсі болды. Түркістаннан арнайы келген кеш қонағы сонымен қатар, еліміздің "100 жаңа есіміне" енген айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бір жасар Мейірлан Досжанұлының тұсауын кесті.

«Рухани жаңғыру үшін біздің мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз барлығы заманға сай болуы керек. Бүгінгі кеште соның бір көрінісін көрдік. Концертте жаңаша бір әсер алып, халықтың көңіл-күйі көтерілді. Серпіліп қалды. Бұл біздің облыстағы бір ғана мекеменің биылғы өткізген шарасы. Осындай қарқынмен жалғаса берсе, еліміз өнерге, мәдениетке армансыз сусындайды де ойлаймын. Соны қанып ішіп жадымыз бен рухымызды жаңғыртуымыз керек», - деді Бекарыс Шойбеков.

Сонымен қатар, ән-жырдың қара шаңырағы "Тұғыры биік өнерім" жобасы аясында наурыз айында Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында композитор Ш.Қалдаяқовты еске алу мақсатында «Өмір өзен» атты концертін өнер сүйер қауымға ұсынбақ.