Түймебаев: «Шымкентке сыймай емес, қимай кетіп барамыз»

0
3 875


Түймебаев: «Шымкентке сыймай емес, қимай кетіп барамыз»

ERNUR.KZ. Шымкенттіктер облыс әкімдігінің қызметкерлерімен қоштасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Түркістан облысының әкімдігі жаңа орталыққа көшті. Осыған орай мемлекеттік қызметкерлерді салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Аталған шараға облыстық, қалалық әкімдік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, облыстың құрметті азаматтары, қала тұрғындары қатысты.

Шара барысында алғашқы сөз Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа берілді.

«Бүгін Елбасымыздың жарлығына сәйкес Түркістан облысында тарихи оқиға орын алуда. Қазақ халқының бірнеше ғасыр бойы орталығы болған, 6 ғасырдан бергі атақты хандар жерленген, сұлтандар мен әулиелердің ескерткіштері сақталған Түркістан қаласы облыс орталығына айналып отыр. Елбасы жарлығы бойынша қазіргі таңда жаңа орталықта облыстың 24 басқармасы, облыс мәслихаты, қоғамдық кеңесі, сондай-ақ Шымкентте орналасқан ҚР Министрліктерінің 30 департаментінің жұмыс істейтін офистері даярланды. Сондықтан, бүгін үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Түркістан – қазақ халқы тарихи шежіресі болып табылады. Сол қаланы бүкіл ел болып көтеруіміз, көркейтуіміз қажет. Барлығыңызды осындай үлкен оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Елбасының Ұлы бастамасын барлығымыз қолдаймыз деп сенемін! Біз Шымкентке сыймай емес, қимай кетіп бара жатырмыз. Көш көлікті болсын, сапар сәтті болсын!», - деді Жансейіт Түймебаев өз сөзінде.

Сондай-ақ, облыстың құрметті азаматтары тілек білдіріп, бишілер «Қоштасу биін» орындады.

Шара соңында дәстүрлі тағамдардан дәм ұсынылып, шымкенттіктер көшті шығарып салды.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанның орталығын Түркістанға ауыстыру туралы жарлыққа қол қойған болатын.