ТҮРКІСТАН: 112 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды

0
394

109,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: 112 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды

Биыл Түркістан облысында шағын және орта бизнес субъектілері арқылы 22595 жұмыс орнын құру жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасына» сәйкес, облыс көлемінде 109,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сәйкесінше аталған орталық «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаны» жүзеге асыру аясында 112,4 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдапты. Оның қырық мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен бірге биыл 466 инфрақұрылымдық жоба аясында 5000 жұмыс орнын ашу жоспарланса, он айда 3174-і құрылыпты. Жұмысқа орналасқандардың 82 пайызына міндетті зейнетақы жарналары аударылып, барлығымен дерлік электронды еңбек келісімшарттары рәсімделген. Ал «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес, биыл өңірде шағын және орта бизнес субъектілері арқылы 22595 жұмыс орнын құру жоспарланса, 11 айдағы көрсеткіш межеден асып, 26421-ге жеткен. Одан бөлек «Еңбек» бағыты аясында 32,9 мың азаматты субсидияланған жұмыс орындарына жолдау көзделген. Оның 9 мыңы – «Жастар практикасы», 5,2 мыңы – әлеуметтік жұмыс, 14,5 мыңы -қоғамдық жұмыс, 2,1 мыңы – «Алғашқы жұмыс орны» және 2 мыңы – «Күміс жас» бағыттары бойынша қызмет атқарып жатыр. Бұл жұмыстар жайында баспасөз жиынына қатысқан орталық директоры Жолаева Ақмарал айтып берді.


Оның сөзіне сүйенсек, биыл жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1 688 түркістандық мемлекеттік грант алған. Олар ендігі өндіріс, техникалық қызмет көрсету, мал, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қолөнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бойынша өз кәсіптерін жүргізіп жатыр. Яғни облыстағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да осынша азаматқа азайды деген сөз. Сонымен бірге биыл пилоттық жоба ретінде өзбекстандық үлгімен грант алушылардың бір бағытта кәсіп ашуы қолға алынған. Нәтижесінде сарыағаштық 40 азамат тамшылатып суғару технологиясымен құлпынай өсіру, шардаралық 20 тұрғын тігіншілік, Сайрам ауданында бір көшеде тұратын 20 азамат күркетауық асырау, Түркістан қаласында ашылған «Қамқорлық» жанұя орталығы арқылы 11 азамат қолөнер бұйымдарын өндіру сынды кәсіптермен айналысуда. Тіпті олардың өнімдерін өткізуі де, тапсырыс алуы да шешімін тапқан. Сондықтан келер жылы осы тәсіл барлық аудандарға енгізілмек.