ТҮРКІСТАН: 12 қазығұрттық спортшы пенчак силаттан ел чемпионы атанған

0
719

«Түркістан саңлақтары» тақырыбында кездесу өтті.


ТҮРКІСТАН: 12 қазығұрттық спортшы пенчак силаттан ел чемпионы атанған

Қазығұрт ауданының жастары чемпион спортшылармен жүздесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданының жастары чемпион спортшылармен жүздесті. «Түркістан саңлақтары» тақырыбындағы кездесудің мақсаты – өңір спортшыларын жастарға таныстыру, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, насихаттау. Аудан жастарының кеші еркін форматтағы сұрақ-жауап, пікір алмасқан түрде өрбіді.


Қазығұрт ауданының жастар ресурстық орталығы КММ директоры Сағи Қыпшақбаевтың айтуынша, жалынды спортшылар жастар үшін үлгі боларлық азаматтар. Сондықтан іс-шараның маңызы айрықша. Жастармен жүздесуге құрметпен шақырылған спортшылар жетістігі жайлы айтып, қазақ күресінен ҚР чемпионатының қола жүлдегері Нұрболат Наушабеков спорт арқылы әлемнің бірнеше елінде саяхаттау бақыты бұйырғанын сөз етті.


Дзюдо күресінен халықаралық және республикалық жарыстардың чемпионы Бекарыс Амангелді өңір мақтанышы. Белбеу күресінен де ел чемпионатының жеңімпазы атанған дарабоз ҚР спорт шеберіне үміткер. Ережесіз жекпе-жектен Өзбекстанда өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы Абзал Қошқар да спорттық мансабында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен. Дзюдо күресінен Азия кубогының чемпионы атанған саңлақ спорт әлемінде өз есімін алтын әріппен жазып қалдыруды көздейді.


Облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының жаттықтырушысы Нұрман Арғынбайұлы аудан орталығына 3 шәкіртімен келген. Бапкер Индонезия мемелекетінен шыққан жекпе-жек спорт түрін облыс аумағында дамыту бағытында талмай еңбек етуге дайын. Еселі еңбектің нәтижесі қуантарлық. Қазығұрт ауданындағы кішкентай ғана Сарапхана елді мекенінде пенчак силаттан ҚР-ның 12 чемпионы шыққан.