ТҮРКІСТАН: 400-ге жуық тұрғын қызылшаға шалдықты

0
391

Оның ішінде 1 жасқа дейінгілер арасында 97 жағдай, ал 1-14 жас аралығында 207 жағдай тіркелген.


ТҮРКІСТАН: 400-ге жуық тұрғын қызылшаға шалдықты

Түркістан облысының эпидемиологтары тұмау, ЖРВИ инфекцияларынан сақтануға шақырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов айтты.


«Бүгінде өңірде қызылша сырқаты бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Сондай-ақ, тұмау және коронавирустық инфекция бойынша да қауіп сейіле қойған жоқ. 2024 жылдың қаңтар айында жедел респираторлы вирусты инфекциясынан 34 481 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1,7 есеге артқан. Бұдан бөлек, облыста 2023-2024 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмауға қарсы «Гриппол+» екпесінің 248 691 данасы жеткізілді. Аталған екпе облыс тұрғындарының 12,2%-на егілген. Бұдан бөлек, өңірде жыл басынан бері COVID-19 инфекциясы бойынша 3 жағдай тіркелді»,- деді Бахтыораз Мизамұлы.


Спикердің айтуынша, облыста жыл басынан бері қызылшаға шалдыққан 378 науқас тіркелген. Оның ішінде 1 жасқа дейінгілер арасында 97 жағдай, ал 1-14 жас аралығында 207 жағдай тіркелген. Одан бөлек, 15-17 жас аралығында - 4 жағдай, 18 жас және одан жоғары ересектер арасында - 70 жағдай тіркелген. Осы орайда қызылшаға қарсы иммундау аясында облыс бойынша 93,4% адамға екпе салынған.