ТҮРКІСТАН: «5 жылдыққа – 5 әдеби сапар» жобасы басталды

0
599

Түркістанның әдеби көші – шежірелі Таразда!


ТҮРКІСТАН: «5 жылдыққа – 5 әдеби сапар» жобасы басталды

Жамбыл облысында «5 жылдыққа – 5 әдеби сапар» жобасы аясында «Киелі Түркістаннан – Шежірелі Таразға» атты әдеби шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


20-21 сәуір күндері Жамбыл облысында «5 жылдыққа – 5 әдеби сапар» жобасы аясында «Киелі Түркістаннан – Шежірелі Таразға» атты әдеби шара өтті. Руханият көшін «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасы облыстың 5 жылдығына орай Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырған болатын. Алғашқы сапар көне Тараз қаласынан бастау алып отыр.


Шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков пен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әбірхан Жанқұлов, екі өңірдің зиялы қауым өкілдері мен кітапханашылары, оқырмандар қатысты. Салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз алған Әділ Нұржанұлы қалың көпшілікті Ораза айт мерекесімен құттықтап, Түркістан облысының аз уақытта жеткен жетістіктеріне, тарихы тым әріден басталатын қос шаһардың ортақ байланысына, сонымен қатар бүгінгі көштің негізгі міндетіне тоқталып өтті. Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың арнайы алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.


Шара барысында кітапхана қорына тараздық қауымнан 1000 кітап сыйланды. Сондай-ақ көш керуенде сирек кітаптар мен логистикаға арналған робот және «Атамұра» үйірмесінің бұйымдарын қамтыған «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» атты өлкетану бағыты бойынша кітап көрмесі, көрме инсталляциялар ұйымдастырылды. Ал Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары «Таразым, қандай тамаша!» концерттік бағдарламасын ұсынды. Жас ақын Ахметрасул Баянбайдың арнауымен басталған кеш әрі қарай мазмұнды шаралармен толыға түсті. Тараздық оқырмандар белгілі сазгер, журналист, профессор Бекжігіт Сердәлі мен ақын, аудармашы Абай Қалшабекпен кездесу сағатын өткізді. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым жүргізіп отырды. Сонымен қатар Бауыржан Ерман мен Нұрғали Сердәлиев сынды жас ақындар өлең оқыса, жиынға келген көпшілік түркістандық сазгердің әнін қосыла шырқады. Сондай-ақ бұл кеште Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері де өнер көрсетті.


Айта кетейік, осы жоба аясында бір күн бұрын «Тarmaqtar» жобасының поэзия кеші ұйымдастырылып, өмірде де, өнерде де қатар жүзіп келе жатқан қос ақын – Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова көптің алғысына бөленді. Елуден аса оқырман алдында екі облыстың дүлдүл ақындары өлең қойып, рухани байлық сыйлады.


Екі күнге созылған Шоқан Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлескен шара осылайша өз нүктесін қойды. Кітапхана басшысы Жанат Шардарбекованың айтуынша, алдағы уақытта өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру, «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында кітап қорын қалыптастыру мақсатындағы өнер керуені Қызылорда облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалғасын тауып, зиялы қауым мен оқырман арасында алтын көпір болмақ.