​ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік көмек алатындар қатары жаңа санатпен толықты

0
1 665

Жалпы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасы немесе 111,9 мың адамды құраған.


​ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік көмек алатындар қатары жаңа санатпен толықты

Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде азық-түлік-тұрмыстық жиынтығын алатындардың тізбесі қосымша санатпен толықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева аса мұқтаж азаматтар қатарына көпбалалы отбасылар, жұмыссыздар, мүгедектер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар кіретінін атап өтті.

«Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарына 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеуші тұлғалар және жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар жатады. Болжам бойынша облыста азық-түлік-тұрмыстық жиынтығымен 174,2 мың адам қамтылатыны көзделіп, 3 айға республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңгеге 5567 теңге болатын азық-түлік тұрмыстық жиынтықтармен қамтылатын болады», – деді Әсия Темірбаева.

Өңірде 6 жастан 18 жасқа дейінгі 43190 балаға 721,3 млн теңге, 94222 барлық жастағы бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 1573,6 млн теңге, 23795 жұмыссыз азамат 397,4 млн теңге, мүгедек баланы күтумен айналысатын 13013 адамға 217,3 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда жүргізілген есептерге сәйкес аталған азаматтарға қаражатын аудару арқылы әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары басталмақ.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша, 1-6 жас аралығындағы 25 125 балаға 319,2 млн теңге азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілген.

Жалпы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасы немесе 111,9 мың адамды құраған. Оларға 2,3 млрд теңгенің көмегі төленіп, әлеуметтік көмек алушылардың 41 пайызын көпбалалы отбасылар құраған.