ТҮРКІСТАН: «AMANAT» партиясы Жол картасы аясында 136 іс-шара атқарады

0
340

Іс-шаралар 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады.


ТҮРКІСТАН: «AMANAT» партиясы Жол картасы аясында 136 іс-шара атқарады

Жол картасында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының 4 бағыты бойынша 136 іс-шара жоспарланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында, облыстық партия филиалының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының таныстырылымы туралы баспасөз мәжілісі өтті.


Брифингте облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, партиялық Жол картасының негізгі бағыттарын БАҚ өкілдерінің алдында баяндады. Жол картасында сайлауалды бағдарламаның 4 бағыты бойынша 136 іс-шара жоспарланған.


Бірінші бағыт «Табысты арттыру» деп аталады. Қазірдің өзінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 64 ауылдық округтегі 4 000-ға жуық жобаны қолдау көзделуде. Сонымен қатар, 75 кооператив таңдалып, несие алушылардың тізімі жасақталуда. Бүгінгі күнге, ауыл тұрғындарнан 847 өтінімқабылданды, оның ішінде 248 өтінім несие комитетімен мақұлданды, 459 өтінімніңқұжаттары қаралу сатысында. Жоба құнына қарай 11 адамның есепшотына 59 млн. теңге аударылды.


«Жер аманаты» бойынша өткен жылы облыста 1 миллион гектардан астам жер ортақ жайылымға қайтарылған болатын. Жол картасына сәйкес, 5 жылда490 мың гектар жерді қайтару қарастырылса, оның 330 мыңы биылға жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 51,1 мың га жер қайтарылды.


Екінші бағыт «Өмір сапасын арттыру» деп аталады. 2027 жылға дейін, облыста жаңадан 96 мектеп салуға, тозығы жеткен 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге ықпал етілмек. Медицина саласында 28 жаңа денсаулық сақтау нысанын салуға және ауылдық елді мекендердімедицина саласының мамандарымен қамтуға күш салынады.


Үшінші бағыт «Өмір сүру жағдайларын жақсарту» деп аталады. 2027 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 4,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Тозығы жеткен 271 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінеді. Сонымен қатар биыл жөндеу жұмыстары басталған Кентау қаласындағы «Жылу орталығындағы» жұмыстар партиялық бақылауға алынды. Қазірдің өзінде, Энерго орталықтың 8 қазандығын қайта құруға сметалық құжаттама жасалды. Биыл 4 қазандықты қайта құру жоспарланған. Бүгінгі таңға облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, конкурстық шаралар жүргізілуде.Қалған 4 қазандықты қайта құру 2024 жылға жоспарланған.


Облыста 185 мыңға жуық зейнет жасындағы азамат тұрады. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында, алдағы 5 жылда 400-ден астам ардагерге түрлі деңгейдегі көмектер көрсетілмек. Сонымен қатар «Кедергісіз келешек!» жобасы бойынша, алдағы 5 жылда 6,7 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту көзделген.


Төртінші бағыт «Экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегішараларды күшейту» деп аталады. Бұл жерде газ отынымен жұмыс істейтін қоғамдық көліктер санын ұлғайту, Түркістан қаласы аумағындағы жасыл белдеуді дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру, Кентау қаласына қарасты елді мекендерді экологиялық аймаққа кіргізу секілді жұмыстар жүргізіледі.