ТҮРКІСТАН: «AMANAT» партиясының өкілдері Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен танысты

0
579

Ол Республикалық қоғамдық штабқа барып, алдымен өзіне сенім білдірген халықтық коалицияға алғысын білдірді.


ТҮРКІСТАН: «AMANAT» партиясының өкілдері Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасын жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасын жариялады. Ол Республикалық қоғамдық штабқа барып, алдымен өзіне сенім білдірген халықтық коалицияға алғысын білдірді.


Өңірлік қоғамдық штаб мүшелерімен өткен бейнебайланыс жиынында Қ.Тоқаев: «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатын бағдарламасын таныстырды. Онлайн жиынға Түркістан облыстық қоғамдық штаб төрағасы Бейсен Тәжібаев пен штаб төрағасының орынбасары Қайрат Балабиев және сенімді өкілдер қатысты.


Қ.К.Тоқаевтың мәлімдеуінше, сайлауалды құжаттың әр тармағына жіті мән беріліп, саяси жаңғыру жүйелі жүзеге асырылады. Оның айтуынша, алдағы уақытта саяси жаңғыру жұмыстары жалғасып, мемлекеттік аппараттың тиімділігі жақсармақ. Сот билігінің тәуелсіздігін нығайып, құқық қорғау саласында түбегейлі реформа жүргізіліп, армиямыздың қорғаныс қабілетін арттыру жұмыстары жалғасады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын одан әрі орнықтыру үшін де тың шаралар қолға алынбақ.


«Біз шынайы саяси бәсеке дәстүрін орнықтырамыз. Сайлаудың озық мәдениетін қалыптастырамыз. Партиялар арасындағы пікірталастың және қоғамдық талқылаудың өркениетті түрде өтуіне жағдай жасаймыз. Жаңа саяси жүйеде азаматтық қоғамның барлық институттары маңызды рөл атқаратын болады. Ұлттық құрылтайдың және қоғамдық кеңестердің ықпалы артады. Тиімді мемлекеттік басқару жүйесі табысқа жетудің негізгі жолына айналады. Үкімет және өңір деңгейіндегі бағдарламалардың, нақты шешімдердің барлығы, жалпы, мемлекеттің бүкіл стратегиясы, ең алдымен, азаматтардың тұрмысын жақсартуға тиіс. Ойға қонымды және, шын мәнінде, елге пайдасы тиетін шаруамен айналысады. Шешімдер мұқият ойластырылып, ашық әрі әділ қабылданады. Ең бастысы, онда қоғамның мүддесі және сұранысы ескеріледі. Біз мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен жүзбе-жүз кездеспей-ақ қашықтан тиімді жұмыс істеуіне қажетті цифрлық инфрақұрылым жасаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент мәлімдемесіне сәйкес, алдағы жеті жылда халықтың, бизнес пен мемлекеттің мүддесін бірдей қорғауға негізделген заманауи еңбек нарығы құрылады. Тиісінше, заң талаптарын сақтайтын кез келген шағын, орта және ірі бизнеске лайықты жағдай жасалып, бизнестің бәсекеге қабілетін арттыруға кедергі келтіретін проблеманың бәрі жойылады. Одан бөлек, заңсыз жолмен алынып, сыртқа шығарылған активтерді елге қайтару жұмыстары аяғына дейін жеткізіліп, бұл қаражат халық игілігіне жұмсалады. Экономиканың барлық саласында тұрақты жұмыс орындары ашылып, адал қызметкерлердің мәртебесі мен табысы артпақ. Білікті қызметкерлердің мансабы мен мәртебесі де көтеріліп, қауіпсіз еңбек ахуалы қалыптасады.


Ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып, алдағы үш жыл мерзім ауылдық аймақтарды дамытуға арналады. Ел аумағында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Ұзындығы 3,5 мың шақырым болатын суармалы каналдар қайта жаңғыртылып, 25 бөген салынса, 16 су қоймасы күрделі жөндеуден өткізіледі.


Алдағы 7 жылда 111 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға беріледі. Жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 100 ірі орталық салынады. Педагог мәртебесін көтеруге арналған жұмыстар да жалғасып, олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалады. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы да көбейтіліп, 2027 жылы оның көлемі жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайызына жеткізілмек. Сонымен бірге, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту, қолданыс аясын кеңейту үшін барлық жағдай жасалады. Жастардың өсіп-өркендеуі үшін де әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктер көбейтіліп, жастар саясаты туралы жаңа тұжырымдама және заң қабылданады.


«Алдағы Президент сайлауы – еліміздің ертеңіне ықпал ететін маңызды науқан. Ел және жер тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Әрбір азаматымыз – біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегі. Отанымыздың болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, осы саяси науқанға халқымыз бір ел болып белсене қатысады деп сенемін. Баршаңызды тарихи таңдау жасауға шақырамын. Біздің Отанымыз – бір, Мемлекетіміз – бір, Халқымыз – бір. Әрдайым бірге болайық, ағайын! Болашаққа бірге қадам басайық!», - деді ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында.