ТҮРКІСТАН: Арыста 7000 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

0
547

Ауылдар мен елдімекендердегі ортақ жайылым жерлер 2500 гектарға ұлғайтылды.


ТҮРКІСТАН: Арыста 7000 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

Арыста жарты жылда 7000 гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындармен кезекті есептік кездесуде пайдаланусыз бос жатқан жайылым және суармалы жер туралы айтты.


«Биыл игерілмей бос жатқан жерлерді қайта айналымға қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жыл басынан бері 7292,2 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 7291,0 гектары жайылым, ал 1,2 гектары суармалы жер. Сондай-ақ, ауылдар мен елді мекендерде ортақ жайылым жерлер 2500 гектарға ұлғайтылды. Яғни, Ақдала ауылында ортақ жайылым 1500 гектарға, Аққалада 1000 гектарға кеңейді. Бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады», - деді қала әкімі өз сөзінде.


Жалпы, қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, аталған салаға инвестиция тарту бағытында 2023 жылы ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Атап айтқанда, «Turkistan Agro KZ» ЖШС биыл құны 8,7 млрд. теңгені құрайтын 25 мың басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастастайды. Кешен толық іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, ірі қара малды азықпен (жем, шөп) қамтамасыз ету үшін 3000 га аумаққа жаңбырлатып суару әдісімен өнім алуға тағы 8 млрд. теңге инвестиция салынбақ. Бүгінгі таңда, мал бордақылау алаңына қажетті инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында 54 шақырымға жоғары кернеулі электр жарығы тартылған.


Ал, «KAZPLEMZAVOD» ЖШС 10 000 бас ірі қара малды өсіру және көбейтуді жолға қоюда. Аталған серіктестік 2023 жылы 3550 асыл тұқымды қалмақ бас сиырын әкелуді жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 275,0 млн. теңгені құрайды. Көп күтімді керек етпейтін, кез келген ауа-райына төзімді сиырдың салмағы – 500 келі, бұқасы бір тоннаға дейін тартады.