ТҮРКІСТАН: Арыста қала күні аталып өтті

0
1 090

Арыстың қала статусын алғанына 67 жыл толып отыр.


ТҮРКІСТАН: Арыста қала күні аталып өтті

Арыс халқы қала күнін атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде Арыс халқы қала күні мен Теміржолшылар мерекесін салтанатпен атап өтеді. Биыл Арыстың қала статусын алғанына 67 жыл толып отыр. Осыған орай, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қаладағы жаңа нысандарды аралап, тұрғындарды қала күнімен құттықтады.


Мереке қарсаңында қала басшысы алдымен Сырдария елді мекеніндегі С.Адамбеков саябағына болып, бүлдіршіндерді жаңадан берілген балалар спорт алаңшасы мен «street-workout» спорттық тренажерлерінің ашылуымен құттықтап, мемлекет тарапынан аймақ жастарының спортпен шұғылдануына барынша қолдау көрсетілетінін айтты.


Сонымен қатар, бүгінгі мереке арыстық теміржолшылардың ерен еңбегіне құрмет ретінде қайта жаңғыртылған «Теміржолшылар» саябағында жалғасты. Мұнда заманауи, көпсалалы демалыс орнына айналған саябақтың сахнасы жаңартылып, субұрқақ пен қалада алғаш рет скэйт-парк қойылды. Жаңадан ашылған скейт-парктің аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Онда бір мезгілде 80-ге жуық адам спортпен айналыса алады.


Ал, жергілікті кәсіпкер, «Mega-Agat» ЖШС басшысы Әлішер Рүстембек спорттық көше тренажерлерін орнатып, жерлестеріне сыйға тартты. Қос мереке қарсаңында ашылған спорттық нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және спортты дамытуға мүмкіндік бермек.


Одан бөлек, ауданда Төлебай батыр Лепесұлының ескерткіші ашылды. 2000 шаршы метр болатын ескерткіш алдындағы сквер абаттандырылып, тал отырғызылып, орындықтар қойылған. Ат үстіндегі асқақ батыр бейнесін Арыстың тумасы, мүсінші Бағдат Сәрсенбиев жасаған. Ескерткіштің құрылысына тегістелген табиғи Қордай граниті пайдаланылған.