ТҮРКІСТАН: Ассамблея мен саяси партиялар меморандумға қол қойды

0
377

Жиын соңында қоғамдық келісімді сақтау жолында ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.


ТҮРКІСТАН: Ассамблея мен саяси партиялар меморандумға қол қойды

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен саяси партиялардың облыстық филиалдарының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА мен саяси партиялар күш біріктіріп, ел бірлігі жолында бірлесе еңбек етуді тапсырған болатын. Президент тапсырмасы аясында Түркістан өңірінде тиянақты істер атқаруға нақты қадам жасалды.


Осы орайда, бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен саяси партиялардың облыстық филиалдарының бірлескен отырысы өтті.


Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары - облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев модераторлық етіп, бұл басқосудың ел бірлігін нығайтуда маңызы ерекше екенін атап өтті.


Алқалы басқосуға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшылары, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер төрағалары қатысты.


Келелі кездесуде облыс әкімінің орынбасары - облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев пен саяси партиялардың облыстық филиалдары басшыларымен меморандумға қол қойылды.


«Бұл меморандум қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша тараптардың өзара ынтымақтастық іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталды. Ел тыныштығы жолында күш біріктірген жергілікті билік пен саяси ұйымдар мен қоғам белсенділерінің ынтымақтастығы қоғамның мызғымас беріктігін нығайта түседі деп сенемін», - деді Бейсен Дәулетұлы.


Шара барысында саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшылары елдегі ауызбіршілікті сақтауда түзілген меморандумның маңызына тоқталып, қоғамдық жұмыстарды бірге атқаруға дайын екендіктерін жеткізді. Жиын соңында қоғамдық келісімді сақтау жолында ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.