ТҮРКІСТАН: Аумағы 40 мың шаршы метрлік студенттер үйінің іргетасы қаланды

0
1 486

Арнайы капсулада 2070 жылға болашақ ұрпаққа арналған тілектер мен үндеу жазылған тарихи жазба қалдырылған.


ТҮРКІСТАН: Аумағы 40 мың шаршы метрлік студенттер үйінің іргетасы қаланды

Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне арналған 500 орындық 3 жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, университетте шетел мен еліміздің алыс аймақтарынан келіп оқитын білімгерлердің көбеюіне байланысты 1500 орындық, яғни, 500 орындық 5 қабатты 3 жатақхана салуды жоспарлы түрде жүзеге асатын болады. Жатақхананың жалпы аумағы 40 мың ш.м.

Бүгінгі жиынға Түркістан облысы орынбасары Арман Сәбитов, Университет президенті Болатбек Абдрасилов пен I вице-президенті Женгиз Томар бастаған профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Қазіргі таңда оқу орнында 10 мыңнан астам студент білім алуда. Қазір қашықтықтан білім алып жатқан студенттер келер жылы заманауи үлгідегі жайлы жатақханаға орналасатын болады.

«Еліміздің ең қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күнімен баршаңызды құттықтаймын. Бүгінгі заманауи үлгіде салынатын 500 орындық 3 жатақхананың жобасымен таныстық. Жатақхана құрылысы жоспарланған уақытта аяқталып, студенттер жаңа қоныстарына жайғасатын болады. Облыс басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі»,- деді іс-шарада сөз алған Түркістан облысының орынбасары Арман Сәбитов.

Жатақханада студенттердің жайлы тұруы, оқуы, демалуы үшін барлық жағдайлар жасалады. Жатақханада студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануына арналған демалыс алаңдарымен, "Workout" спортпен айналысу алаңдарымен, автокөлік және велосипед тұрақтарымен жабдықталатын болады. Жатақханада тренажер залы, соның ішінде балалар залы, кафе, Жастар орталығы, сауда үй-жайы, асхана және сұлулық салоны, 140 орындық қонақ үй, супермаркет, стоматология, сауда орындары орналасатын болады. Студенттік тұрғын үй кешенінде студенттерге, отбасылық жұптарға және халықтың қауқары аз топтарына бағдарланған студенттік жатақханалардың толыққанды аймағын қалыптастыру қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

«Еліміздің барлық аймағында соңғы екі жылдың ішінде жатақханалар салу ісі қолға алынып жатыр. Бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында Ахмет Ясауи университетінің жастарына арналған еңселі 1500 орындық жатақхананың іргетасы қаланды. Елбасымыз Н.Назарбаевқа, Президентіміз Қ.Тоқаевқа, облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Заманауи үлгіде бой көтеретін жаңа жатақхананың салынуы университетіміз үшін тарихи сәт» - деді Университет президенті Болатбек Абдрасилов.

Инвестор «Alem Trust Construction» ЖШС директоры Асқар Құрбанов жаңа жатақхананың еліміздегі ең үлкен жатақханалардың бірі болатынын айтып, жатақхана құрылысымен таныстырды.