ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы пысықталды

0
409

Жүйелі жұмыстар жүргізіліп, орындалу барысы жіті бақылауға алынған.


ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы пысықталды

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, орындалу барысы жіті бақылауға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, орындалу барысы жіті бақылауға алынған. Осы орайда, өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы туралы жиын өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжаханұлы, ауыл шарушалығы басқармасының басшысы, «Түркістан ӘКК» АҚ, «Ырыс» МҚҰ, «Оңтүстік» АИО, Облыстық кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы басшылары және онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты.


Жобаны іске асыруда өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға барлық ауылдық округтерде скрининг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірінші кезекте биылғы жылы жобаға қатысатын 16 ауданнан 64 ауылдық округі бекітілді. Ауылдық округтерде жобаға қатысатын 72 кооператив анықталып, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды.


Қазіргі таңда несие қаржысын таратушы ретінде сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ танылды. Сәуір айының 18-нен бастап несие қаражатын беруге құжаттар қабылдау басталды. Бүгінгі күнге 7,3 млрд. теңге болатын 847 өтінім қабылданып, оның ішінде 312 өтінімінің, яғни, 2,6 млрд. теңгесінің құжаттары мақұлдау сатысында.


Облыс басшысының орынбасары кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының басшыларына құжаттандыру жұмыстарын жүйелеуді тапсырды.


"Шаруаларға құжаттарды тапсыруға көмек көрсету керек. Сіздердің міндеттеріңіз – шаруаларға портал арқылы құжат тапсыру жөнінде бағыт-бағдар беру. Қиындықтар кездескен жағдайда көмек көрсету. Аудан, қала әкімдері, өздеріңіз осыны бақылауға алып, жұмысты ұйымдастыруды қолға алыңыздар", – деді Ермек Кенжеханұлы.


Жалпы жоба аясында 4 000 (орта несие қаражаты көлемі 5,0 млн. тг) бірлікке жуық микрокредит беріледі. Нәтижесінде, жоба аясында 5 200 жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдегі 8451 бірлік АӘК алушы отбасы санын 30%-ға төмендету жоспарлануда.


Айта кетейік, 2023 жылға «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға облысқа 19,8 млрд. теңге несие қаражаты бөлініп, несиелендірудің 6 бағыты таңдалды. Атап айтқанда: өсімдік шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту, құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу.


Бұдан бөлек, жиын барысында минералды тыңайтқыш бағасының тұрақсыздығы талқыланды. Қазіргі таңда Мақтаарал және Жетісай аудандарында оның құнының өсуі анықталып отыр. Делдалдар бағаны көтеріп жіберген. Бағаны тұрақтандыру бойынша әр ауданнан мамандар бекітіліп, тікелей Сарыағаш ауданынан тасымалданатын минералды тыңайтқыштың бағасын бақылауда ұстау бойынша жұмыстар жүргізіледі.


Жиын барысында облыс басшысының орынбасары бірқатар жауапты басшылардың жұмыстарына сын айтып, ауыл тұрғындарына қажетті деңгейде түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.