ТҮРКІСТАН: Балалардың 91,1 пайызы қызылшаға қарсы екпе алған

0
486

Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі - екпе салдырмағандар.


ТҮРКІСТАН: Балалардың 91,1 пайызы қызылшаға қарсы екпе алған

Түркістан облысында балалардың 91,1 пайызы қызылшаға қарсы екпе алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2024 жылдың басынан бері қызылша ауруына шалдыққан 299 науқас тіркелген. Оның ішінде 81,2%-ы - 14 жасқа дейінгі балалар, 56-сы - ересек адам. Қызылшамен ауырғандардың басым бөлігі - екпе салдырмағандар. Бұл жайында Түркістан облысының бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.


«Облысқа қызылша ауруына қарсы жалпы саны 170 230 дана екпе жеткізілді. Қосымша жаппай иммундау аясында өңірде 172 104 балаға екпе салынды. Ол вакцина алуға тиісті балалардың 91,1%-ын құрайды», - деді департамент басшысы.


Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев дертке 4 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығатынын айтты. Жастарына сәйкес инфекцияның тіркелуі бала-бақшалар мен мектептерде де орын алған. Қазіргі таңда қызылша аурушаңдығы бойынша байланыста болғандардың барлығы 21 күнге медициналық бақылауға алынған.


Айта кетерлігі, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен «Түркістан облысында қызылша ауруын азайту және одан әрі таралуын болдырмау жөніндегі өңірлік штабының құрамы» бекітілген. Қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған төсек-орын саны - 625. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қосымша 407 төсек-орын ашылып жалпы 1 032 төсек-орын бар.