ТҮРКІСТАН: Бірнеше тұрғынды «жұмысқа тұрғызамын» деп алдап кеткен азамат ұсталды

0
559

Ол аталған мекемеде жұмыс істеп кеткен қызметкер болып шықты.


ТҮРКІСТАН: Бірнеше тұрғынды «жұмысқа тұрғызамын» деп алдап кеткен азамат ұсталды

Түркістан облысында белгілі бір мекемеге жұмысқа кіргіземін деп бірнеше тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті екі тұрғын арызданып, алаяққа алданғанын жеткізген. Жәбірленуші азаматтардың айтуынша, сырттай таныстары "Түркістан қаласының мекемелерінің біріне жұмысқа кіргізіп беремін" деп уәде беріп, ақысына бірінен 1 575 000 теңге алса, екіншісінен 200 000 теңге ақша алған. Арада 1 жылға жуық уақыт өткенмен, жәбірленушілер не жұмысқа орналаспай, не берген ақшасын ала алмаған. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғындар полицейлерден көмек сұрайды.


«Аталған жайт ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеуге алынды. Шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізген түркістандық қырағы тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысы бар күдіктіні тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Бүгінде өз кінәсін мойындаған ер адамға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ПД-ның хабарламасында.


Сондай-ақ, осыған ұқсас алаяқтық қылмысы бойынша полицияға тағы бір тұрғын шағым түсіреді. Оның айтуынша да осындай сылтаумен алдаған күдікті ер адам одан 2 000 000 теңге ақша алған. Содан кейін ешқандай жұмысқа да кіргізбеген, ақшасын да қайтармаған, әрнәрсені сылтауратып алдап жүрген.


Белгілі болғандай күдікті ер адам өзі бұрын аталған мекемеде жұмыс істеп кеткен қызметкер болып шықты. Жәбірленушілерден алаяқтық жолмен алған ақшаларын өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды.