ТҮРКІСТАН: Дәретхананы күзетпеген мұғалімді ұстап әкеткен полицей жұмысынан шеттетілді

0
1 372

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қалалық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.


 ТҮРКІСТАН: Дәретхананы күзетпеген мұғалімді ұстап әкеткен полицей жұмысынан шеттетілді

Түркістан қаласындағы №15 мектептің мұғалімін әжетхана күзетпегені үшін ұстап әкеткен қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

13 желтоқсан күні Түркістан қаласындағы орта мектеп мұғалімін полиция бөліміне жеткізу фактісі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қалалық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр.

Тергеу кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің мұғалімге қатысты іс-әрекетінің қаншалықты заңдылығына баға беріледі. Сондай-ақ, Түркістан қаласы ішкі істер басқармасы бастығының лауазымын асыра пайдалану фактісінің бар-жоғы анықталады.

Облыстық полиция департаменті басшысының бұйрығымен Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығы Данияр Мейірхан қызметтік тексеру аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді.

Еске сала кетейік, Түркістанда Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Бақыт Кеукеновті әжетхана күзетпегені үшін қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткен.

Кейін бұл жағдайды естіген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімге араша түсті.

Бүгін мектеп мұғалімін «әжетхана күзетпегені үшін» ұстап әкеткен қалалық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұрады.