ТҮРКІСТАН: Елді мекендерді интернетпен қамту мақсатында Жол картасы құрылды

0
745

2023-2025 жылдарға арналған.


ТҮРКІСТАН: Елді мекендерді интернетпен қамту мақсатында Жол картасы құрылды

Дархан Сатыбалды байланыс сапасын жақсарту мәселесін талқылау үшін «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында байланыс пен интернеттің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар күшейтілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен кездесті. Оған еліміздегі басқа да ірі байланыс операторларының өкілдері қатысты. Тараптар байланыс сапасын жақсартуға және заманауи телекоммуникациялық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер талқылады. Елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы құрылды.


Басты мақсат - Түркістан облысындағы елді мекендерді мобильді байланыспен қамтамасыз ету және оның сапасын жақсарту. Мектептер мен медициналық бекеттерді интернет желісімен қамту, шалғайдағы ауылдарға байланыс жеткізу. Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тапсырмасын орындау, яғни сол мақсатта қойылған бейнекамералардың жұмысын жақсарту.


Кездесу барысында аудандарда және ауылдық елді мекендерде байланыс коммутаторларының порт саны жетіспеушілігі жайлы айтылды. Бұл тұрғындарды интернетпен қамтамасыз етуге теріс әсер етеді. Жергілікті атқарушы органдар өз тарапынан өңірдің шалғайдағы елді мекендеріне байланыс пен ғаламтордың барлық түрлерін орнатуды қолдауға дайын. Түркістан облысы әкімдігі өз тарапынан байланыс операторларына жер учаскелерін беруге, электр желілеріне техникалық шарттарды алуға көмектесуге, сондай-ақ инвесторларды тартуға дайын.


«Еліміздегі ең ірі өңірде кей аудангдарда байланыстың сапасы сын көтермейді. Шалғай жатқан ауылдардағы жағдай тіптен мүшкіл. Тұрғындармен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Әрине осыған дейінгі жүргізілген жұмыстар аз емес. Десек те, 800-ден астам елді мекені бар, 2 миллионнан астам халқы бар Түркістан облысын ерекше назарда ұстасаңыздар. Туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан өңірде байланыс сапасы аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мектептердегі жоғары жылдамдықты интернетке қол жетімділіктің шектеулі болуы, ірі байланыс операторының жоспарды және лицензиялық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындамауы, сондай-ақ кей мобильді байланыс операторларының облыста базалық станцияларын болмауы секілді өзекті мәселелерді көтерді. Облыстың 28 ауылдық елді мекенінде саны 50-ден 250 адамға дейінгі төртінші буынның (4G) мобильді байланысын ұйымдастыру үшін жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тұралап қалғанын жеткізді.


«Түркістан облысындағы ауылдарды интернетпен қамтылу деңгейі 17% ғана құрайды. Аудан орталықтарында және елді мекендерде желілерді дамыту өз деңгейінде жүргізілмей келе жатыр. Облыс аумағында 1 мың мектеп бар. 286 мектептегі интернет жылдамдығы төмен. Биылғы жылыдң жоспарына сәйкес «Қазақтелеком» АҚ 84 мектепті оптикаға ауыстыру бойынша жоспар ұсынып, қазіргі таңда 24 мектеп қыркүйек айында іске асырылады деп күтілуде, қалған 60 мектеп конкурс нәтижесі анықталмауына байланысты жылдың соңына қалдырылып отыр. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін 135 елді мекен бар. Қазіргі уақытта 19 елді мекен жаңа базалық станция орнатылып, 13 ауылда базалық станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді», - деді басқарма басшысы.


Түркістан облысында жалпы 833 елді мекен бар. Талдау нәтижелері бойынша 655 ауылдық елді мекенде 1 942 542 тұрғын 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылып, облыс халқының санына шаққанда интернетпен қамтылу деңгейі 93% құрайды. Қалған 145 968 тұрғыны бар 178 ауылдық елді мекенде интернет жоқ. Оның ішінде 100-ден астам елді мекен 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 ауылда байланыс мүлде жоқ. Олардың басым бөлімі Министрлікпен айқындалған талаптарға (халық саны 250 астам болуы қажет) сәйкес келмеуіне байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартуда.