ТҮРКІСТАН: Елді мекендерді интернетпен қамту облыс басшысының бақылауында

0
66

«Кселл» АҚ тарапынан 4G стандартын қолдайтын базалық станция орнатылды.


ТҮРКІСТАН: Елді мекендерді интернетпен қамту облыс басшысының бақылауында

Түркістан өңіріндегі елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары облыс басшысының бақылауында, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 5 қазанында өткен педагогтердың республикалық съезінде елді мекендерді, оның ішінде, ауыл-аймақтағы білім ошақтарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету мәселесін көтерген болатын. Осы орайда, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасы аясында аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов пен Қазығұрт ауданының әкімі Исмаилов Азизхан интернет мәселесін бақылау мақсатында Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округі, Аққұм елді мекеніне барды.


Аққұм елді мекеніне қазан айында «Кселл» АҚ тарапынан 4G стандартын қолдайтын базалық станция орнатылды. Мобильді интернет желісінің жылдамдығы 21 Мбит/с құрайды. Сонымен қатар Аққұм бастауыш мемлекеттік мектебі «Транстелеком» АҚ тарапынан 10 Мбит/с жылдамдықты интернет желісімен қамтылған болатын. Қазіргі уақытта Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарманың бастамасымен Аққұм мектебі «Транстелеком» АҚ-ның радиокөпір технологиясы арқылы жылдамдығы 20 Мбит/с құрайтын интернет желісімен қамтылды.


Мектепте интернет мәселесі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту жоспары есебінен толығымен шешіледі.


Аппарат басшысы мектеп ұжымымен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты. Жұмыс барысына кедергі келтіретін жайттарды дер кезінде хабарлап, мәселені шешуге бірлесе жұмыс атқаратынын тілге тиек етті.


«Аққұм ауылына базалық станция қойылып, мектептерге толық интернет кіргізілді. Қазіргі уақытта мұғалімдердің электронды құжаттарды толтыруға толық мүмкіндіктері бар. Көрші ауылдардағы интернет желісі жөнінде де мәселе көтеріп отырсыздар. Бұл бойынша қазір тапсырма берілді, техникалық жағдайына қарап, мүмкіндігінше мәселені жылдам шешуге атсалысамыз», – деді Еркеғали Әлімқұлов.


Президенттің білім беру жүйесін сапалы, әрі ауқымды цифрлық трансформациялау тапсырмасына сәйкес жұмыстар атқарылмақ. Осы ретте Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов интернет мүмкіндігін тиімді пайдаланып, оқушылардың білімін арттыруға онлайн байланыс арқылы облыстағы білікті ұстаздарды тартуды ұсынды. Аппарат басшысы ұсынысты қолдап, байланыс операторларының басшыларына да ұсыныстар берді. «Аққұм» жалпы орта мектебінде «Транстелеком» АҚ қаражаты есебінен пилоттық жоба ретінде мектеп ішіндегі жергілікті желілерді ұйымдастыру жобасы іске асырылады.


Ауданға жұмыс сапары барысында аппарат басшысы ауылдарға оптикалық интернет желісін тартуды қолға алған жеке инвестормен кездесті. Жұмыс барысын бақылап, жұмысты абыроймен аяқтау керек екенін жеткізді. Қазіргі таңда «COMDATA» ЖШС Қазығұрт ауданы елді мекені тұрғындарына электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша заманауи GPON технологиясын қолдана отырып, оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамту жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, білім ұяларына толық дабыл қағу және бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары да бақылауда болады.


Айта кетейік, «Қазақтелеком» АҚ облыс аумағындағы интернет жылдамдығы төмен 84 мектепті және «Транстелеком» АҚ 24 мектепті оптикаға ауыстыру бойынша жұмыстар атқаруда. Осыған сәйкес, интернет жылдамдығы төмен 139 мектептің 52-сі жыл соңына дейін оптикаға ауыстырылмақ.