ТҮРКІСТАН: Этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмау бағытында семинар өтті

0
826

Семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.


ТҮРКІСТАН: Этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмау бағытында семинар өтті

Түркістанда этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмау бағытында семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар: этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмаудың тиімді тетігі» тақырыбында семинар өтті. Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дәурен Сариев ашып, жүргізіп отырды. Семинарға Түркістан облыстық және аудан, қалалардағы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары мен жастар ұйымдарының өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылық құрамы мен қызметкерлері қатысты. Жиынның мақсаты – Түркістан облысы аумағында қоғамдық-саяси және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлтына, тіліне қарамастан тұрғындардың бір-біріне деген құрмет, көзқарасын қалыптастыру. Басқосуда сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дәурен Сариев өңірдегі этносаралық татулықты, бірлікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.


«Этностар арасында келеңсіздікке жол бермеу баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайды. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарына, оның мүшелеріне артылған сенім жүгі жоғары. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы азаматтарымыздың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз. Қасиетті Түркістан өңірінде тұрақтылықты сақтау, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, мемлекеттік тілді меңгеру, басқа мәдениет пен дәстүр өкілдерімен өзара тату іс-қимыл жасау дағдысын қалыптастыруда сіздердің қолдауларыңыз аса қажет», – деді ол.


Семинар барысында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы Қайрат Анарбаев «Ұлтаралық татулық негізі – «Рухани жаңғыру» тақырыбында пайым-парасатқа толы пікірін ортаға салды.


«Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Елдіктің жеті тұғырын» атап өтті. Бұл ретте еліміздің Тәуелсіздігі – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Елбасы атап өткендей, отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі, білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Міне, осы құндылықтарды біз жан-жүрегімізбен сезініп, тірек тұтсақ, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың ырыс-ынтамағы еселене береді», – деді Қ. Анарбаев.


Сондай-ақ, семинарда Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі Асқат Есеналиев «Қазақстан халқы Ассамблеясы – этносаралық бірлік платформасы» тақырыбында баяндама жасап, этносаралық қатынастарды жақсарту бағытындағы ойларын жеткізді. Баяндамалар оқылып біткен соң семинарға қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.