Олар кез келген жүргізушіге қолайсыздық тудырады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бүгінгі таңда автомобиль жолдарынан рөлі оң жақта орналасқан көліктерді жиі байқаймыз. Олардың саны жыл сайын артып келе жатқаны да баршамызға мәлім. Сонда, ол көліктердің тиімді тұстары көп болғаны ма? Немесе біз білмейтін қандай кемшіліктері бар? Бүгінгі әңгіме осы сұрақтар аясында өрбімек.
ОЛАР МҰНДАЙ ТАНЫМАЛДЫЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ИЕ БОЛДЫ?
Әлбетте, рөлі оң жақта орналасқан көліктерге сұраныстың артуына оның арзандау бағасы әсер етті. Дегенмен, Жапониядан шығатын мұндай көліктерге жүргізушілердің көзқарасы сан түрлі болып келеді. Біреулерге ұнап жатса, енді бірі «мұндай көліктер елімізде жүрмеуі тиіс» деген пікірін білдіріп жатады. Бірақ, қалай болғанда да, мұндай автомобильді тұтынататындар бар болғандықтан, ешкім жүргізбей қоя алмайды.
РӨЛІ ОҢ ЖАҚТА ОРНАЛАСҚАН КӨЛІКТЕРДІҢ ҚАНДАЙ АРТЫҚШЫЛЫҚТАР БАР?
Негізі, бұл көліктердің ең басты артықшылығы – шығынының аздығы. Оның үстіне, рөлі сол жақтағы көліктер сияқты бұлар да климаттық бақылау, автоматты қорап, құлыпқа қарсы жүйе, артқы камера секілді барлық қажетті, заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, еңбекқор жапондар әр жаңа көлікті шығарар кезде алдыңғысының кемшіліктерін толықтырып, жаңартып отырады. Дегенмен, қазіргі алым-салықтың мөлшері көп болғандықтан мұндай көліктердің жаңасын сатып әкелу қиындық тудырады. Бірақ, бұрын әкелініп, ел базасына тіркелгендерінің құны рөлі сол жақтағыларға қарағандай төмендеу.
Сондай-ақ, мұндай машиналардың көпшілігі жанармайды аз тұтынады және Жапония теңіз климаты бар ел болғандықтан, мұндағы көлік өндірушілер коррозиядан қорғауға көп көңіл бөледі. Сенімділік пен сапа да бұл жапон автомобильдерінің синонимдері. Рөлі оң жақтағы көліктердің түрі көп болуымен қатар, техникалық сапасы да жоғары болады.
Кей жүргізушілер рөлі оң жақтағы көліктермен қала ішінде жүру өте ыңғайлы екенін айтады. Мәселен, «тротуарға шығу ыңғайлы», «тұраққа қоюға ыңғайлы», «жол полициясымен сөйлесу қауіпсіз болады» деген піірлер бар. Және бұл пікірлер ойға сыйымды секілді.
Кез келген адам көлік таңдар кезде қауіпсіздік мәселесіне мән беретіні белгілі. Құдай сақтасын, бірақ қарсы келе жатқан екі көлік соқтығысса, соққы сол жаққа түседі ғой. Осы тұрғыдан ойлансақ та рөлі оң жақтағы көліктердің бір артықшылығын көреміз.
АЛ, ЕНДІ КЕМШІЛІКТЕРІНЕ КЕЗЕК БЕРЕЙІК
Олардың барлық артықшылығын аяқасты ететін басты кемшілігі – біздің жолдарымызда оларды қолданудың қолайсыздығы. Яғни, елімізде рөлі оң жақтағы көліктер үшін жол қарастырылмаған. Әсіресе, күре жолдардағы жүк көліктерін басып озу кезінде жолдың екінші жолағын толық көре алмай қиналасыз. Сосын, әрдайым арақашықтықты алшақ ұстап отыруға, екінші жолақтағы жол қозғалысын көру үшін моынды созуға немесе алдыңыздағы көлікке ілесіп отыруға тура келеді. Сондай-ақ, мұндай мәселені шешу үшін көліктің сол жағына камера орнатасыз немесе әрдайым жолаушыдан көмек сұрайсыз. Мұның барлығы кез келген жүргізушіге қолайсыздық тудыратыны анық.
Сондай-ақ, біраз уақыт бойы беріліс деңгейін ауыстыруға қол үйренбейді. Оған қоса, педальдарды шатастырып алу жағдайы да жиі орын алып жатады. Сондықтан, кей елдерде мұндай көліктердің рөлі мен педальдарын еуропа стандартына сәйкес, сол жаққа ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатады.
Рөлі оң жақтағы көліктердің тағы бір кемшілігі техникалық қызмет көрсету орталығында пайда болады. Әрине, ол жердегі мамандар мұндай көліктерді де жөндей береді. Бірақ, қандай да бір сәттерде шатасып кетуі ғажап емес.
Жалпы, рөлі оң жақтағы автомобильдер арзан әрі қала ішінде жүруге ыңғайлы екенін білдік. Бірақ, ұзақ жолға шығу үшін біраз тәжжірибе керек болады екен.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Көліктің кілтін жоғалтып алғанда НЕ ІСТЕУГЕ болады?
Жол гипнозына түсіп қалудан сақтаныңыз! ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ АСА ҚАЖЕТТІ КЕҢЕС