ТҮРКІСТАН: Қазығұртта ауыл шаруашылығының өнім көлемі 60 млрд теңгеге жуықтаған

0
732

Оның ішінде 35 млрд 380,3 млн теңге - мал шаруашылығына, 23 млрд 840,7 млн теңге - егін шарушылығына тиесілі.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта ауыл шаруашылығының өнім көлемі 60 млрд теңгеге жуықтаған

Түркістан облысы Қазығұрт ауданының ауыл шаруашылығы өнім көлемі 60 млрд теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазығұрт ауданында былтыр ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 59 млрд 772,3 млн теңгені құраған. Оның ішінде 35 млрд 380,3 млн теңге - мал шаруашылығына, 23 млрд 840,7 млн теңге - егін шарушылығына тиесілі. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.
Сондай-ақ, аудан басшысы өңірді инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына тоқталды.
«Аудан бойынша 61 елді мекеннің ауыз сумен қамтылғаны 57-ге жетіп, 93,4 пайызды құрады. Биыл 9 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы аудан тұрғындары 2023 жылы 100% ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, аудан аумағындағы 44 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылған. Бұл тұрғындардың 72,1 пайызына тең», - деді Арман Айдарұлы.
Жол саласында да ілгерілеу бар. Мәселен, былтыр аудандық бюджет есебінен 96,8 шақырымды құрайтын 36 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 3 көшенің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Биылғы жылы 69,5 шақырымды құрайтын 22 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.