ТҮРКІСТАН: Келесте құны 51 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылады

0
757

Аудан аумағында жалпы 26,3 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан.


ТҮРКІСТАН: Келесте құны 51 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске асырылады

Келесте 2023-2025 жылдары жалпы құны 51 млрд. теңгеге инвестициялық жобалар іске асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, 9 айда ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 81 млрд 392,1 млн.теңгеге жетсе, ауданға тартылған инвестиция көлемі 10 млрд 649,4 млн.теңгені құраған.


«Келес ауданының негізгі даму бағыты - ауылшаруашылық саласы. Аудан бойынша аталған салада биыл 9 айдағы жалпы өнім көлемі 56,6 млрд. теңгеге жетті. Сонымен қатар, ауданда 2023-2025 жылдары жалпы құны 51 млрд. теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылып, 940 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Оның ішінде «Азия Мед» медициналық орталығының құны 3 млрд. теңгені құрайтын 5 филиалының құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске асқан соң 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, «UBS KZ» және «UBS Solar» компаниялары 50 гектар аумаққа күн электр станциясының құрылыс жұмыстарын бастады. Биыл іске қосылып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Одан бөлек, еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласы сәуір айында салынған болатын. 500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасын «ЭКО-культура» компаниясы жүзеге асырады. Одан бөлек, жеке кәсіпкердің бастамасымен 200 млн. теңгеге қонақ үйдің құрылысы жүргізіледі»,- дейді Жәнібек Есенұлы.


Аудан аумағында жалпы 26,3 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан. Алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 өнім алу бойынша 350 шаруа қожалық жалпы 1,5 мың гектарға егіс еккен. 2027 жылы бұл көрсеткішті 4 мың гектар алқапқа жеткізу көзделген. Жаңа технологияларды енгізу және ағын суды үнемдеу мақсатында былтыр 348 гектар аумаққа тамшылатып суару әдісі енгізілген.


Инфрақұрылыммен қамтуда 2023 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша 83 елдімекеннің 58-і ауыз су және газбен қамтылған (қамтылуы 75%). Жыл соңына дейін тұрғындардың 81% қамтылады деп көзделген. Ал ішкі көшелердің 51,8%-ы қанағаттанарлық жағдай болса, 2023 жылдың қорытындысымен 56,2%-ға жеткізу межеленген.