ТҮРКІСТАН: Келестік диқандар Ресейге қарбыз экспорттай бастады

0
494

20 отбасы бірігіп, бақша өнімін еккен.


ТҮРКІСТАН: Келестік диқандар Ресейге қарбыз экспорттай бастады

Келес ауданының шарулары ерте көктемде еккен өнімдерін жинап жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Сондықтан, өңір диқандары күн жылығаннан бастап егістік жайына кірісіп кетеді. Тиісінше, қазір сол еңбек адамдары алғашқы өнімдеріне қол жеткізіп, саудалай бастады.


Мәселен, Келес ауданының шарулары ерте көктемде еккен өнімдерін жинап жатыр. Соның ішінде, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінде 500 гектарға жуық ерте пісетін қарбыз еккен диқандардың алғашқы өнімдерін сатылымға шығарып жатқанын атап өтуге болады.


«Қарбыз өнімін бірнеше жылдан бері егіп, пайдасын көріп келеміз. Биыл қарбыздың бірнеше түрін егіп, 1 гектар алқаптан 40-45 тонна өнім алудамыз. Еккен өнімімізге сұраныс жоғары. Себебі Сырдария өзенінің жағалауындағы құмды топыраққа өскен қарбыздың дәмі тіл үйіреді», – дейді «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Маханбет Қасымбеков.


Аталған кооперативте 20 отбасы бірігіп, бақша өнімін егіп, өндірген өнімдерін Ресейге экспорттауда. Сонымен бірге, Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға да жөнелтіп жатыр.


Айта кетейік, биыл Келес ауданында жалпы 1864 гектарға бақша дақылы орналастырылса, оның 682 гектарына қауын, ал 1182 гектар аумаққа қарбыз егілген.