ТҮРКІСТАН: Кентауда тамақтан уланғандар саны 92-ге жетті

0
545

Науқастар саны көбеюі мүмкін.


ТҮРКІСТАН: Кентауда тамақтан уланғандар саны 92-ге жетті

Кентау қаласында 92 адам тамақтан уланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


27 маусым күні Кентау қаласындағы «Ризық-Рауаны» фаст-фуд қоғамдық тамақтану орнының тауарын тұтынған азаматтар жаппай уланған. Содан бері ауруханаға түсушілердің саны сағат сайын көбейіп, 29 маусымдағы мәліметке сәйкес, 92 адамға жеткен. Оның 40-ы 14 жасқа дейінгі бала болса, қалғаны ересектер. Науқастар арасында 3 жүкті әйел бар.


Аталған жағдай негізінде 28 маусым күні Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеп-тексеру жұмыстары барысында нысан 46 орындық тамақтану орны ретінде ашылып, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, эпидемиялық мәні «болмашы» объекті ретінде Кентау қалалық СЭБ басқармасына 2023 жылдың сәуір айында қызметін бастау туралы хабарлама жібергені мәлім болды.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, аталған тамақтану орнында адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп келтіру жағдай осымен үшінші рет қайталанып отыр. Атап өтсек, осыған дейін 2022 жылдың тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам уланып қалған болатын. Аталған деректер бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабылданған. Бірінші жағдайда жеке кәсіпкерге 230 АЕКайыппұл салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген.


Екінші жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойыншақылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істің қаулысы негізіндеСЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалған. Тексеру нәтижелерінде көптеген кемшіліктер анықталған. Аталған қылмыстық іс 2022 жылдың 30 желтоқсан күні аяқталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыға сәйкес, 29.12.2022 жылы аталған қоғамдық тамақтану орнының иесі күдікті ретінде танылып, оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар болып шыққан. Алайда, жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғандығы жөнінде Кентау ҚПБ-нің қаулысы шығарылған. Осыған байланысты Кентау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан қоғамдық тамақтану орнының иесі жеке кәсіпкер Ж.Тажибайұлына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс-құжаттар Кентау қалалық сотына жолданған.


Ал, үшінші жағдайға қатыстыҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы, 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Тергеп-тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап өтсек:

нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ; нысан қызметкерлері (аспаздар мен даяшылар) алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген; жұмыс істейтін 20 қызметкердің тек 12-де ғана медициналық кітапшалары бар; шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар толық емес; өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни ет өнімдері, құс еті өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған; қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған; жұмыртқаны сақтауға, жуып өңдеуге арналған арнайы ыдыс арналмаған; өнімдердің жарамдылық мерзімдері өткен.


Зертханалық зерттеуге алынған сынамалардың нәтижесі әлі шықпады.