ТҮРКІСТАН: Колледждерде 10 жаңа мамандық ашылады

0
290

«Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын Түркістан облысында іске асырудың Жол картасы әзірленіп, бекітіледі деп күтілуде.


ТҮРКІСТАН: Колледждерде 10 жаңа мамандық ашылады

Түркістан облысының колледждерінде заман талабына сай 10 жаңа мамандық ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өңірде білім сапасын көтеру мақсатында Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысының 2024-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың өңірлік Жол картасы қабылданды. Сонымен қатар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасын Түркістан облысында іске асырудың Жол картасы әзірленіп, бекітіледі деп күтілуде. Осы және білім саласындағы өзекті мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.


«Білім саласындағы ахуалды жақсарту, білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Балабақшаларда мониторингтер жүргізілді. Бұл жұмыстар мектептер мен колледждерде де қолға алынады. Білім саласына бизнес ретінде қарайтын басшылар, қызметкерлер, әріптестер болса, қазірден жұмыстан кете берсін. Біз қалай болғанда да білім сапасын жақсартуымыз керек. Өңірге арнайы индикаторлар бектіліген. Сіздер білім саласы бойынша 2024 жылдың соңында республикада ондықтың қатарына ену межесін қойып, осы бағытта нақты жоспарды ұсыныңыздар. Индикатор толық орындалуы тиіс», – деген Дархан Сатыбалды басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне кадр мәселесі, «Жайлы мектеп» жобасына бөлінген жер телімдерін заңдастыру, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.


Мәжілісте Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, былтыр талапқа сай балабақшаларға ғана мемлекеттік тапсырыс берілген. Нәтижесінде 2 млрд. теңге бюджет қаржысы үнемделіп, мемлекетке кері қайтарылды. 2023 жылы үнемделген 1,2 млрд. теңге қаржы есебінен 96 мемлекеттік балабақша ағымдағы жөндеу жұмысынан өткізілді. 2024 жылғы 13 ақпаннан бастап балабақшаларға мониторинг жұмыстары жүргізіледі.


Мемлекеттік бюджет есебінен 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның 20-ға жуығы тапсырылып үлгерді. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың оқушы орындық 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты.


2023 жылы 21 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, 16 мектеп жұмысы толық аяқталса, қалған 5 мектеп 2024 жылға өтпелі. 85 мектептің жылыту қазандықтары қатты отыннан табиғи газға ауыстырылған. Білім ұяларын оқулықпен, интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Ауылдық жердегі білім сапасын көтеру мақсатында 2024-2025 жылдары 10 педагогикалық шеберлік арттыру орталығы, 10 жетекші мектеп, ал, тағы 5 ауданда «Мобильді мұғалім» жобасы іске қосылады. Сонымен қатар Жапония елінде тәжірибеден өткен ұстаздар мен әдіскерлер арқылы «Lesson study» әдісін сатылап енгізу және «Ауыл мектебін сапалы басқару» пилотты жобасы іске асырылуда. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мен үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-мен меморандум түзілген.


Басқарма тарапынан оқу жылы соңында білім деңгейі ең төмен 100 мектепті электронды журнал арқылы анықтап, сол мектептерге арналған мақсатты жұмыс жоспары әзірленеді. Тиісті әдістемелік және менеджментік көмек ұйымдастырылмақ.


«Қауіпсіз мектеп» жобасы сәтті жүзеге асуда. 7152 дана бейнекамера орнатылып, 750 мектептің бейнебақылау жүйесі полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 191 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.


Колледждерде білім сапасын көтеру жұмыстары қарқынды. Гранттар толық игерілген. «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 2024-2025 жылдары еңбек нарығының сұранысына сәйкес 10 жаңа мамандық ашылады. Ол үшін өңірге қажетті жаңа кәсіптердің атласы қайта жасақталуда. Колледж мамандары шетелге тәжірибе жинауға жіберіледі.


Мәжілісте ұстаздардың біліктілігін көтеру, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен суицидтің алдын алу, колледждердің білім сапасын зерделеу және саладағы өзге де мәселелерді ретімен шешу жөнінде ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілді.