ТҮРКІСТАН: Конституция күніне орай 10 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі

0
864

Мерекеге орай өңірде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.


ТҮРКІСТАН: Конституция күніне орай 10 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі

Түркістан облысында Конституция күні мерекесіне орай 10 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 30 тамыз - ҚР Конституция күніне орай брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Керімбек Мырзабаев мерекеге орай өңірде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілгенін хабарлады.


«Мереке қарсаңында мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімдері өтеді. Сондай-ақ, барлық аудан-қалада өткізілетін салтанатты жиындарда түрлі салалар мен қызметтердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіледі. Одан бөлек, жергілікті жерлерде кәсіпкерлерді тарту арқылы көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлер үшін қайырымдылық акциялар ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, алдағы 2 күнде халық игілігі үшін 10 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі», - деді Керімбек Әлікерімұлы.


Ал Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлының айтуынша, 28 тамыз күні Конгресс Холл көпсалалы кешенінде «Ата заңым – айбыным!» атты мерекелік іс-шарасы өтеді. Шара аясында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің жеңімпаздары марапатталмақ.


Бұдан өзге, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ата заң – алтын тұғырымыз!» тақырыбында көрме өткен болатын. Ал 29 тамыз күні Ұлы Дала Елі орталығында «Конституция – кемелдік кепілі!» тақырыбында флешмоб ұйымдастырылады. Жалпы алғанда облыстық музейлерде тақырыптық көрме мен іс-шаралар 25-29 тамыз аралығында өтеді. Ал 28-29 тамыз күндері облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ардың шыңы – Ата заң», «Ата заң - алтын діңгегім» тақырыбында кітап көрмелері жасақталып, оқырман назарына ұсынылады.


Айта кетейік, ақпараттық сүйемелдеу бойынша арнайы бекітілген медиа-жоспарға сәйкес, облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Жанубий Қозоғистон» газеттеріне арнайы «Ата заң - Азат елдің ар намысы», «Ата заң – Айбарым!», «В честь Дня Конституция» атты арнайы айдарлар ашылып, мақалалар жарияланды. Аудан, қала әкімдіктерінің баспа және электронды БАҚ-та, әкімдіктің ресми сайттарында «ҚР Конституциясы» тақырыптарында ақпараттық баннерлер орналастырылды.