ТҮРКІСТАН: Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді

0
1 038

Жауапсыз мердігерлердің жұмысына шектеу қойылады.


ТҮРКІСТАН: Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді

Дархан Сатыбалды мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Құрылыс барысы мен сапасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Облыс басшысы кезекті рет Түркістан қаласындағы нысандарда болып, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Жұмысты қадағалады.


Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Облыс әкімі құрылысты тездетуді тапсырды. Жауапсыз мердігерлердің жұмысына шектеу қойылады. Жауапты басшыларға бұл мәселені жіті қадағалауға алуды жүктеді.


Облыс басшысы әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй кешенінде болып, құрылыс сапасын көрді. Тиісті сын-ескертпелер айтып, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Мердігер мекеме – «Inter construction» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта инженерлік желілер жүргізіліп, әрлеу жұмыстары 12-13 қабатта жалғасуда.


«Құрылыста ең бастысы - мерзім мен сапа. Мұндай ақшаға басқа өңірлерде паркингі бар зәулім үй салады. Сіздер жерді тегін алып отырсыздар. Инфрақұрылымды мемлекет жүргізді. Құр үй тұрғызудың өзін созбалаңға салып, сылтау айтудан жалықпайсыздар. Айыппұл арқалап, жүре беруге болмайды. Жобаның созылуы жауаптының жүктелген міндетке бей-жай қарауынан», - деді Дархан Амангелдіұлы.


Осылай деп, мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алған облыс басшысы құрылыста ең бастысы мерзім мен сапа екенін баса айтты. Сонымен қатар балалар алаңқайларының қауіпсіздігі мен сапасының қатаң бақылауда болуын ескертті. Көпқабатты үйлердің қасбетіне қатысты қатаң талап қойып, мұздатқыштарды белгіленген орындарға орнатуды айтты.


Түркістанда «Жаңа қала» аумағында жасанды көлі бар саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Жоспар бойынша нысан қараша айының соңында пайдалануға тапсырылады. 13 гектарға жуық жерде орналасқан демалыс аймағында тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалады. Облыс басшысына ерекше үлгіде жасақталған түнгі жарықтандыру жүйесі таныстырылды.

Қазіргі таңда бұл аумақта әкімшілік және тамақтану ғимараттарын әрлеу, бейне бақылау орнату және асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 2 техника, 30-дан астам жұмысшы тартылған.