ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық тұрғындар көпбалалы анаға 5 бөлмелі үй салып берді

0
890

20 соттық жер телімінде орналасқан үйде қосалқы шаруашылықпен айналысуға да мүмкіндік бар.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық тұрғындар көпбалалы анаға 5 бөлмелі үй салып берді

Мақтааралдағы Үлгілі ауылының тұрғындары көпбалалы анаға 5 бөлмелі үй салып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған.


Өткен аптада Мақтаарал ауданында Аязхан Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылының тұрғындары көпбалалы анаға 5 бөлмелі тұрғын үй салып беріп, көптің алғысын алды.


Баспаналы болған көпбалалы әрі жалғызбасты ана Палданай Жұмабекованың қуанышында шек жоқ. Жаңадан салынған үйдің холы, залы, 3 жатын бөлмесі, тіпті санузелі бар. Барлық бөлме жиһазбен жабдықталған. 20 соттық жер телімінде орналасқан үйде қосалқы шаруашылықпен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаңа үйді тұрғызу үшін ауыл тұрғындары 19 миллион теңге қаржы жинап жұмсаған.


Астана қаласының 25 жылдық мерекесі қарсаңында жаңа үйдің кілті көпбалалы анаға табысталып, қоныс тойына аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков қатысты. Ол қайырымдылыққа атсалысқан, ұйымдастырған бүкіл ауыл азаматтарына шынайы ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатымен бір топ белсенділерді марапаттады.


Жиын барысында жалғызбасты ана мен балаларына қуаныш сыйлаған қайырымды жандарға ауыл ақсақалдары да алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.