ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтар үйге бөлінген ақшаның екінші бөлігін ала бастады

0
677

17 млн. теңгенің 50 пайызы толық аударылған.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтар үйге бөлінген ақшаның екінші бөлігін ала бастады

Өмірзақ Шөкеев мақтааралдықтармен кездесті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен ауыл тұрғындарына баспана салу үшін мемлекет тарапынан берілген 17 млн. теңгенің 50 пайызы толық аударылған. Ауыл тұрғындары екінші транш бойынша қалған қаражаттың 25% -на құжат өткізіп, қаржы ала бастады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездескен ауыл тұрғындары жұмыстың тоқтаусыз жүріп жатқаны үшін алғыс айтты.

Бұдан бөлек, топан судың зардабын көрген барлық отбасыға кәсіпкер Әлішер Усмановтың қоры есебінен әрбір жанұяға 425 мың теңгеден (1000 АҚШ долларынан) берілген. Сондай-ақ, отбасының әр мүшесі мемлекет тарапынан 100 мың теңгеден қаржылай көмек алды.

Осы орайда Түркістан облысының әкімі кезекті рет Мақтааралға жұмыс сапарымен келіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарын қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылады. Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын тексеріп, салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралады. Тынымсыз жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерген облыс басшысы мобильді топ жұмысының тиімділігіне оң баға берді.