ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтардың өлген жануарларына өтемақы толықтай төленген

0
513

Көпшілігі Өзбекстаннан ағып келген.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтардың өлген жануарларына өтемақы толықтай төленген

Мақтааралдағы су тасқынынан кейін 1000-ға жуық жануардың өлексесі шығарылған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерден жалпы 931 бас түрлі ауылшаруашылығы жануарларының өлекселері шығарылған болатын. Өлекселер арнайы инсенератор аппараты арқылы толығымен жойылып, елді мекендерде бірнеше рет дезинфекция жұмыстары жасалған.

Атап өтсек, мал өлекселерін жою мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы және аудандық "Ветеринариялық қызметі" КММ-нің өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, дер кезінде әрекет еткен. Жұмыс барысында мал өлекселерінің көпшілігі Өзбекстаннан ағып келгені белгілі болған еді.

931 мал өлекселерінің ішінде ірі қара 40, ұсақ малдар 876, жылқы 9, түйе 6 бас. Осы жойылған малдардың ішіндесу басқан елді мекендерде тұратын 22 азаматқа тиесілі 144 бас жануарлары анықталып, арнайы белгіленген өтемақылар "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы аударылған.

Айта кетейік, түйеге 300 мың теңгеден бастап 1,5 миллион теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге дейін, сиырға 110 мың теңгеден бастап 220 мың теңгеге дейін және ұсақ малға 25 мыңнан бастап 45 мың теңгеге дейін төленсе, үй құсына 2000 теңгеге дейін өтемақы берілген.