Түркістан облысын газбен қамту 70 пайызға жуықтады

0
674

Бұл дегеніміз 1,4 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген.


Түркістан облысын газбен қамту 70 пайызға жуықтады

Қазіргі таңда Түркістан облысын газдандыру деңгейі 67,2%-ды құрайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл дегеніміз 1,4 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген. Осылай бүгін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдікке 2021 жылы газ инфрақұрылымының 55 жобасын іске асыруға 7,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 2021 жылы 5 жоба аяқталған. Бұл 7 елді мекенді, шамамен 18 мың адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Елді мекендерді көгілдір отынға қосу жұмыстары Министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді», - деді Болат Оралұлы.
Сонымен қатар, өңірді газдандыруды жалғастыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 23,3 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Бекітілген бюджетке сәйкес, 2022 жылы 10,2 млрд теңгеге 39 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде биыл 24 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл газға қосымша 31 елді мекен, яғни 41 мыңнан астам адам қол жеткізеді деген сөз.
Сондай-ақ, брифингте министр баламалы энергия көздерін игеру мен тарифтерді төмендету жұмыстарына тоқталды.
«Түркістан облысында жалпы қуаты 220,07 МВт болатын қолданыстағы 20 ЖЭК нысаны бар. Жоспарланған жобалар туралы айтатын болсақ, 2025 жылға дейін 11 ЖЭК нысанын іске қосу күтілуде. Электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтің шамамен 60%-ын энергия өндіруші ұйымдардан отын сатып алуға және тасымалдауға, импорттық материалдарды, қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды, салық төлемдері мен экологиялық алымдарды сатып алуға байланысты шығындар алады. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті - мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады. Заңға сәйкес, халыққа электр энергиясына баға белгілеу, сондай-ақ электр энергиясын беру тарифтерін («KEGOС» АҚ-ның) Комитет реттейді», - деді министр.