Түркістан облысында алғаш рет қуықасты безі артерияларының эмболизациясы жасалды

0
320

Пациент – 70 жастағы ер адам.


Түркістан облысында алғаш рет қуықасты безі артерияларының эмболизациясы жасалды

Түркістан облысында алғаш рет қуықасты безі артерияларының эмболизациясы жасалынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Б.Берденовтің нұсқауымен шеберлік класы аясында Алматы қаласының «Керуен» клиникасының жетекші рентгенэндоваскулярлы хирургі, Рhd Галимжан Азимбаев стационардың ангиохирург, уролог дәрігерлерімен бірлесіп, простата артерияларының алғашқы эмболизациясын жасады.


Пациент – 70 жастағы ер адам. Ол бірнеше жылдан бері қуық асты безінің қатерсіз аденомасымен сырқаттанып, зәр шығаруы қиындаған. Науқаста қосымша жүрек-қан тамырлар патологиялары сынды қарсы көрсеткіштері болғандықтан, дәстүрлі хирургиялық араласуға бармай цистостома орнатуды қажет еткен. Бұл жағдайда катетер зәрді шығаруға және бүйректі гидронефроздан қорғауға мүмкіндік беретін мәжбүрлі шара.


Қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы – 40 жастан асқан ер адамдарда жиі кездесетін аурулардың бірі. Простата аденомасының артериялық эмболизациясы – соңғы жылдары әлемнің жетекші клиникаларында кеңінен қолданыла бастаған жаңа әдіс. Бұл қазіргі заманғы аз инвазивті озық емдеу әдісі, стандартты хирургиялық араласуға қарсы көрсеткіш болып саналатын декомпенсацияланған жүрек-қан тамырлар патологиясы, қант диабеті және басқа да қатар жүретін қосалқы аурулары бар науқастарға балама отасы болып табылады. Бұл әдістің негізгі артықшылығы – кесусіз және жалпы анестезиясыз, микрохирургиялық жабдықпен ауыртпалықсыз, жергілікті анестезиямен орындалуы.


Эмболизация – бұл аденоманы қоректендіретін артерияларды эмболдармен бітеп, қанмен қамтамасыз етілуін тоқтату. Бұл жағдайда простата безі өте тез, айтарлықтай кішірейіп, зәр шығару біртіндеп қалпына келеді және бұл біздің пациентке цистостомиядан арылуға көмектеседі. Нәтижесінде қалыпты өмір сапасы жақсарып, аденомаға қарсы препараттарды қабылдау қажеттілігі жоғалады.


Процедураның асқынуы өте сирек кездеседі, реабилитация уақыты 1-2 күнді алады, оны жүргізу кезінде және одан кейін ауырсыну болмайды.


Аденомамен простата эмболизациясының мүмкіндігін науқасты тексергеннен кейін бірқатар көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштер бар жоғын уролог дәрігері анықтайды.