Түркістан облысында Астана күндерінің әні шырқалды

0
2 290

Үстіміздегі жылдың мамыр айында батыс, шығыс, орталық өңірлерден бастау алған шара Түркістан қаласында жалғасын тапты.


       Түркістан облысында Астана күндерінің әні шырқалды

ERNUR.KZ. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Астанадан ақ тілек...» тақырыбында елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында батыс, шығыс, орталық өңірлерден бастау алған шара Түркістан қаласында жалғасын тапты. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының қатысуымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің мәдениет сарайында өткен әншашуға шаһар жұртшылығы мен қала қонақтары қатысты.

Ашылу салтанатында алғы сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев, Астана қаласы әкімдігі мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина көрермендерді еліміздің жүрегі іспеттес шоқтығы биік Астана қаласының туған күнімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Нарима Мұхамбеталинаға Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы өзінің және Түркістан облысының әкім Жансейіт Түймебаевтың атынан алғыс хаттар ұсынып, сый-сияпаттар жасады.

Ерекше дауыс иесі Бауыржан Исаев, қазақ эстрадасының жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Дос, Алмас Кішкенбаевтар репертуарларындағы танымал әндерімен қоса тақырыпқа сай Астана, туған жер тақырыбындағы әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге «Қорқыт» дәстүрлі саз тобының орындауындағы түрлі күйлер мен «Шалқыма» халық би ансамблінің сахналық биі көпшілікті тәнті етті.

Астана күнін ұлықтауға арналған мерекелік концерт келесі кезекте республикамыздың өзге де аймақтарында болып, қыркүйек айында Алматы қаласында қорытындыланатын болады. Шара соңында сахна төріне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Болатбек Серікбайұлының ықылас гүлдері қойылды.