Түркістан облысында салық түсімдері 300 млрд. теңгеден асқан

0
640

Өсу қарқыны 204,8%-ды құрады.


Түркістан облысында салық түсімдері 300 млрд. теңгеден асқан

Түркістан облысында бюджеттің кіріс бөлігі екі есе ұлғайған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы құрылғалы үш жыл ішінде бюджеттің кіріс бөлігі екі есе ұлғайған. 2018 жылы мемлекеттік бюджетке 150 млрд 478 млн теңге түскен болса, 2021 жылы 308 млрд 183 млн теңгеге жетіп өсу қарқыны 204,8%-ды құрады. Бұл жайында Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков баяндады.


Сонымен қатар, 2021 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қосымша кіріс көздерінен 40 млрд 964 млн. теңге анықталып, өндірілген.


«Мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 44 қызметтің 38-і электронды түрде көрсетіледі. Көрсетілетін қызметтердің сапасы үнемі департамент тарапынан қатаң бақылауда. «E-salyq Azamat» тегін мобильді қосымшасы ел азаматтары арасында танымал бола бастады. Бүгінде 52 мыңнан астам тұрғын қосымшаны пайдаланады. Бұл арқылы «онлайн брондау», «артық төлемдерді басқару», «салық объектілері бойынша деректерді түзету» сервистері, «салық әмияны» арқылы салықтарды төлеу, жеке тұлғалар үшін мүлік, жер және көлік салықтары бойынша алдағы салық төлемдерін қарау және төлеу мүмкіндіктері қарастырылған»
, - деді Еркін Кеңесбекұлы.


ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексіне сәйкес, Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар, мүгедектер мен көпбалалы отбасыларды қоса есептегенде Түркістан облысы бойынша 2021 жылы жеке тұлғалардың көлік салығынан 43 842 тұлға, мүлік салығынан 47 019 салық төлеуші, жер салығынан 63 439 азамат босатылған.