Түркістан облысында туристік бағыттағы жолдар жөнделіп жатыр

0
763

Қазіргі жөндеуден өткен жол демалушылар мен басқада көлік жүргізушілері үшін өте қолайлы.


Түркістан облысында туристік бағыттағы жолдар жөнделіп жатыр

Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында туризм саласын дамыту үшін туристік нысандарға баратын жолдардың жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, туристер көп жиналатын демалыс орындары мол Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр-Жаңажол елді мекендері арқылы «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне баратын облыстық маңызы бар КХ-112 автомобиль жолының 11 шақырымы орташа жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Аталған жол соңғы 15 жылда ешқандай жөндеуден өтпегендіктен жағдайы қанағатсыз болып келген. Қазіргі таңда, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша мердігер мекеме «Бірлік» ЖШС-і тарапынан жол негізін арнайы техникамен нығыздау (ресайклерлеу) жұмыстарын жүргізіп, асфальт жабыны толық жаңартылды.

Сонымен қатар, аталған жолдың бойында орналасқан Бірінші мамыр және Жаңажол елді мекендерінде аяқжолдар төселіп, диодты жарықтандыру шамдары орнатылып іске қосылды. Одан өзге, жол таңбалары мен жаяу жүргінші өтпелері сызылып, 2 дана су өткізгіш құбыр ауыстырылды. Сондай-ақ, қауіпті аймақтарға көліктердің жылдамдығын баяулататын жол кедергілері орнатылған.

Қазіргі жөндеуден өткен жол Төлеби ауданына оңтүстік аудандардан келетін демалушылар мен басқада көлік жүргізушілері үшін өте қолайлы және жол жүру уақыты да біршама қысқарған. Айта кетейік, осы бағыттағы жол жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасатын болады.