Түркістан облысының әкімі шардаралық спортшыға темір тұлпар мінгізді

0
1 211

"Шардара Армспорт" клубы жайында көп айтуға болады. Шардараның шағылында шыныққан жігіттер әлемді бағындырып, аламандар да атой салып жүр. Қол күресінен ұлттық құраманның барлығы осы ауданның жігіттері. Өткен аптада ғана Анталиядан өткен әлем чемпионатында "Шардара Армспорт" мектебінің 9 баласы әлемді бағындырып, алтыннан алқа тақты.


Түркістан облысының әкімі шардаралық спортшыға темір тұлпар мінгізді

Өткен аптада «САФАРИ ШАРДАРА» халықаралық фестивалінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы «Шардара Армспорт» спорт клубының жас спортшысы, Армрестлингтен Әлем чемпионатының жастар арасында 5 дүркін және ересектер арасында 4 дүркін чемпионы Айдархан Нұрдәулетке темір тұлпар мінгізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ аталған спорт мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 жасына дейін ерен еңбегінің арқасында "Қазақстан Республикасының спорт шебері", "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" және Шардара ауданы спортының тарихындағы тұңғыш рет "Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері" атанды.

Шардараның спорт тарихында айтулы жаңалық болып отыр. Ауданда тұңғыш мәрте «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері» атағымен армрестлингтен үш мәрте әлем чемпионы атанған Нұрдәулет Айдархан марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының 2017 жылдың 17 қазандағы №291 бұйрығымен жерлесімізге осындай спорттық атақ берілді.

Әрине, бұл атақ тектен-текке беріліп отырған жоқ. Қажымай-талмай жаттығудың, шелектеп тер төгудің, тегеурінді жігер мен өр намыстың арқасында ғана спортшы биік белестерді бағындыра алады. Ересектер арасында 60 келі салмақта сынға түсіп жүрген Нұрдәулет Айдархан қыркүйек айында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шығып, алтыннан алқа тағынып еді. Үшінші мәрте әлем чемпионы атанған жерлесіміз сонда «Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері» атағына берілетін міндеттемені орындады деп қуана хабарлаған болатынбыз. Енді міне, Нұрдәулет палуан осынау жоғары атақты Шардарада тұңғыш рет өзі иемденіп отыр.