​Түркістан облысының әскерилері төтенше жағдайда шұғыл әрекет ету дайындығынан өтті (фото)

0
2 625

Түркістан облысының барлық аймағынан келген 150-ге жуық әскери міндеттілер төтенше жағдай орын алар болса шұғыл әрекет ету үшін қайта дайындықтан өткізілді.


​Түркістан облысының әскерилері төтенше жағдайда шұғыл әрекет ету дайындығынан өтті (фото)

Суреттер: ERNUR.KZ

ERNUR.KZ. Түркістан қаласының далалық лагеріндегі 74884 әскери бөлімінің оқу полигоны базасында аумақтық қорғаныс бөлімшесінің жергілікті әкімдіктің, ұйымдардың, қызметтік мекемелердің қатысуымен сапалы жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындық мақсатында арнайы-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Арнайы-тактикалық оқу-жаттығу 2020 жылға дейінгі мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындайтын мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіндегі аумақтық қорғаныс жүйесін интеграциялау тұжырымдамасына» сәйкес өткізіліп отыр. Оған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Аумақтық қорғаныс Бас басқармасының әскерилері жетекшілік етті.

Оқу-жаттығу жиынында Түркістан облысының барлық аймағынан келген 150-ге жуық әскери міндеттілер төтенше жағдай орын алар болса шұғыл әрекет ету үшін қайта дайындықтан өткізілді. Сонымен бірге, Түркістан облыстық ішкі істер басқармасының арнайы тобы, мамандандырылған күзет қызметі, жергілікті полиция қызметі, көші-қон полициясы, Төтенше жағдайлар басқармасы және аумақтық қорғанысқа қатысты бөлімдер атсалысты.

Арнайы-тактикалық оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр өз сөзінде:

«Оқу-жаттығу жиыны арқылы әскери міндетті азаматтардың елге қандай да бір төтенше жағдай төнсе Отанды қорғау жолында үлкен дайындықта екеніне көз жеткіздік. Әрине, мұндай жағдай тек оқу-жаттығу кезінде ғана болсын демекпін. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Барлығыңыздың отбасыларыңызға бақыт, береке-бірлік тілеймін», - деп лебізін арнады.

Оқу-жаттығу барысында белсенділігімен көзге түсіп, жақсы нәтиже көрсеткен бірнеше әскери міндеттілерге Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аумақтық әскерлерінің бастығы, Аумақтық қорғаныс Бас басқармасының бастығы, генерал-мойор Сұлтан Камалетдиновтың атынан алғыс хаттар табысталды.