ТҮРКІСТАН: Округ әкімдеріне ауыл әлеуетін арттыруға арналған «Жол картасын» әзірлеу тапсырылды

0
528

Ауыл әкімдері өздеріне міндеттелген жауапкершілікті ойдағыдай орындау керек.


ТҮРКІСТАН: Округ әкімдеріне ауыл әлеуетін арттыруға арналған «Жол картасын» әзірлеу тапсырылды

Ордабасы ауданының әкімі агро секторларға жаңа технологиялар енгізу, инвестиция тарту, экологиялық жағдайды реттеуге арналған жиын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаевтың төрағалығымен агро секторларға жаңа технологиялар енгізу, инвестиция тарту, экологиялық жағдайды реттеуге арналған жиын өтті. Кеңесте аудан басшысы ауылдық округ әкімдеріне ауылдың әлеуетін арттыруға арналған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.


«Халық санының артуына орай ауылдық округтерде күл-қоқыс мәселесі белең алуда. Қазіргі таңда ауданда Спутник арқылы 49 аумақта қоқыс қалдықтары анықталған. Салаға жауапты мердігер мекемелер тарифтің төмендігін алға тартып, жұмысын онан ары жалғастырудан бас тартуда. Сондықтан барлық ауыл әкімдері жергілікті жердегі кәсіпкерлермен кеңесіп, жаңа мекемелер тауып, осы шаруаға жұмылдыру керек», - деді аудан әкімі.


Жиын барысында ауылдардағы игерілмей жатқан бос жер телімдері мен қараусыз қалған ескі құрылыс нысандарының жайы сөз болды. Бағлан Дәнебекұлы Бөген,Төрткүл, Қажымұқан ауылдық округ әкімдеріне ескі ғимараттарды кәсіпкерлердің пайдалануына беру жағын сөз етті.


Сондай-ақ, ауылдың өндірістік потенциалына қарай инвестор тартуды жандандыру мақсатында салаға жауапты әкім орынбасарлары мен ауыл әкімдеріне кешенді жоба жасауды міндеттеді.


Кеңес соңында аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне білім беру мекемелеріндегі жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын, қауіпсіздік талаптарын арнайы қадағалауға шақырды.