ТҮРКІСТАН: Өңір басшысы ауылдарды аралап, халықтың мәселесін шешті

0
276

Облыс әкімі ауылды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылға жастарды тұрақтандыруға көп көңіл бөліп отыр.


ТҮРКІСТАН: Өңір басшысы ауылдарды аралап, халықтың мәселесін шешті

Дархан Сатыбалды ауылдарды аралап, халықтың мәселесін шешті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаш ауданындағы есептік кездесуден кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды халықтың мұң-мұқтажын бірнеше ауылдарды аралап, халықпен жүздесті. Тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелерді тыңдап, оларды заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Атқарылған жұмыстарды ел таразысына салды. Аймақ басшысы тұрғындардың көтерген мәселелерінің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.


Облыс әкімі ауылды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылға жастарды тұрақтандыруға көп көңіл бөліп отыр. Әкім ауыл тұрғындарының бірқатар мәселесін көп күттірмей, шешіп берді. Дархан Сатыбалдының қатысуымен Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауыл округінің өзекті мәселелері кезекті рет талқыланды. Осыдан 1 айға жуық уақыт бұрын тұрғындар көтерген мәселелер шешімін табуда. Солардың бірі - халыққа қызмет ету орталығы бүгін ашылды. Облыс әкімі тұрғындармен бірге жаңа орталықты аралап көрді.


Осыған дейін көтерілген ел ұсынысы қабылданып, орын алып жатқан қылмыс санын азайту үшін бейнекамералар санын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, қылмысты азайту мәселесіне қатысты облыс әкімі Дархан Сатыбалды ішімдіктен бас тартқан өңірдегі 12 ауылдан үлгі алуды, солардың қатарына қосылуды ұсынды. Өйткені арақ-шараптан мүлдем бас тартқан бұл ауылдарда ішімдікпен байланысты қылмыс мүлдем жоқ. Бұл елді мекендерде той, мереке, туған күндерде дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Дүкен, дәмхана, тойханаларда да ішімдік мүлде сатылмайды.


Өңір басшысы шекаралас аймақты дамыту, сауда-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану, көлеңкелі экономиканы жою бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Газ бен ауыз су мәселесі де кезең-кезеңмен шешіліп жатыр.


Бүгінгі кездесуде ауыл тұрғындары заманауи мәдени орталық ашып, жастарды тарту мәселесін көтерді. Дархан Сатыбалды мәселені созбай, аудан әкіміне қажетті жер қарастыруды тапсырды.


Дербісек елді мекенінің тұрғындары да облыс әкіміне өздерін толғандырған мәселелерін айтты. Арыз-өтініштердің басым бөлігін инфрақұрылым, білім ұяларын жаңарту, әлеу­меттік, тұрғын үймен қамту, жер телімдерін беру және кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер құрайды. Кей мәселені шешуге жергілікті билік­тің пәрмені жетпейтіні анық. Сондықтан түйткілдің түйінін тарқатуды республика деңгейінде қарау керек. Бірқатар мәселелерді шешуде демеушілердің, жанашыр жандардың көмегі қажет.


«Мен жақсы сөз емес, шындықты есту үшін келдім. Проблеманы жасырмай, ашық айта білейік. Оны өзімізден басқа ешкім бізге келіп, шешіп бермейді. Біздің мақсатымыз ортақ. Ауылдарды дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасау - үнемі назарда. Туған жерді бірге көркейту керекпіз. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев ауылды дамытуды назардан тыс қалдырған емес. Қолға алынған әрбір жоба ел игілігі үшін жасалады. Оның шарапатын халық көреді. Басты талап - сапада. Алдымызда тұрған ауқымды істер көп. Ел арасында көбіне инфрақұрылым мәселесі өзекті. Таза су, сапалы жарық, табиғи газбен қамту жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді, бірақ олардың барлығы бақылауда тұр. Ауданның бәсекеге қабілетті, дамыған, қауіпсіз әрі таза болуы барлығымызға қатысты. Сондықтан барлықтарыңызды, ауылдарды дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Халық аманатын арқалау - үлкен жауапкершілік. Ауылдағы жағдайды әуелі ауыл әкімі жақсы білуге міндетті. Әр отбасының тұрақты табысы болу қажет. Жаңа жұмыс орнын ашуға күш салу керекпіз»,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.