Түркістан өңірінен Солтүстікке 238 отбасы қоныс аударған

0
850

Бүгінде олардың бірі кәсіпкер, бірі ауыл әкімі болып үлгерді.


Түркістан өңірінен Солтүстікке 238 отбасы қоныс аударған

Биыл Түркістан өңірінен 885 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл 8 айдың ішінде Түркістан өңірінен 238 отбасы, оның ішінде 885 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Бүгінде олардың бірі кәсіпкер, бірі ауыл әкімі болып үлгерді. Күнгей өңірден теріскейге барған көштің қазіргі жағдайымен танысу мақсатында Түркістан облысынан аттанған арнайы топ Павлодар, Абай облыстарын аралауда. Делегация құрамында жауапты басқарма мамандары мен БАҚ өкілдері, депутаттар, әлеуметтік желі белсенділері бар.


Қоныс аударғандардың жағдайымен танысып, жұмыс күші жетіспейтін ауылдарды аралауға барған түркістандық жұмысшы топ әуелі Павлодардағы жұмыспен қамту басқармасының басшысы Альмира Аманқызымен, Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашевпен кездесті. Аталған аудан егін мен мал шаруашылығына қолайлы. Ең басты мәселе - маман тапшылығы. Оның ішінде мұғалімдер ауадай қажет.


"Солтүстікке көшіп барған түркістандық азаматтардың өмірлерін өз көзімізбен көріп жатырмыз. Өңірде кәсіпті өркендетуге мүмкіндік мол, бірақ жұмыс күші жетіспейді. Сапар барысында Төлеби ауданы, Көксәйек елді мекенінен 6 жыл бұрын Павлодар облысы Шарбақты ауылына көшіп келген Нұрсұлтан Қаппаровтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Бүгінде оның жеке кафесі, шаштаразы, көлік жуу, самса сататын орындары бар. Екі қыз, бір ұл тәрбилеп отырған отбасы биылдың өзінде 10 отбасының көшіп келуіне себепші болған. Жыл соңына дейін тағы да 10 отбасы келеді деп отыр. Одан бөлек, Шымкент қаласынан биыл мамыр айында Павлодар облысы Шарбақты ауданының орталығына көшіп келген Аида Аманжоловамен жүздестік. Ол Шарбақты аудандық ауруханасында жас маман болып қызмет атқарады. Әріптестері Аидадай білікті маманның келгеніне қуанышты екендіктерін жеткізді",- дейді түркістандық делегация мүшесі, әлеуметтік желі белсендісі Қайрат Кәрібаев.


Сондай-ақ, небәрі 23 жастағы сайрамдық Зорёд есімді азамат Павлодар облысы, Константиновка ауылына 2019 жылы көшіп келген. Еңбекке жақын жігіт 3,5 гектар алқапқа 100 тонна картоп өнім алып отыр. Одан бөлек 400-ге жуық ірі қара малы да бар. Одан бөлек, Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінен көшіп келгеніне 4 жыл болған Тулкинжон Юсантаев та осы Константиновка ауылының тұрғыны. Қазіргі таңда ол 20 гектар егістік жерге пияз, тұрып, асқабақ, қырыққабат, қарбыз егіп, егін шаруашылығын өркендетіп отыр.


Осы уақытқа дейін Түркістан облысында солтүстік облыстарынан келген өкілдер бірнеше рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіп, кездесулер ұйымдастырған болатын. Айта кетсек, мамыр айында «Tauekel» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов келіп, халықпен жүздескен. Нәтижесінде оңтүстік өңірінен 50-ге жуық отбасы теріскейдің тыныс-тіршілігімен танысуға аттанған болатын.