ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданына әкім тағайындалды

0
1 780

Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданына әкім тағайындалды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданына әкім тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің өкімімен және Президент Әкімшілігі мен Ордабасы ауданы мәслихаты депутаттарының келісімдері бойынша Азат Оралбаев Ордабасы ауданы әкімі қызметіне тағайындалды. Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.


Аудандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі Мемлекет басшысы саясатын жүзеге асырып, бекіткен тапсырмаларды сапалы орындауды жүктеді. Аймақ басшысы Ордабасы ауданын басқарып, өңір дамуына өз үлесін қосқан Нұрбек Бадырақовқа алғыс білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.


"Бұған дейін Ордабасы ауданының әкімі болып келген Нұрбек Бадырақовтың тәжірибесін ескере отырып, басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Бүгінгі күнгі аудандық мәслихатының сессиясына Ордабасы ауданы әкімі қызметіне жаңа кандидатура ұсынылып, депутаттар тарапынан қолдау тауып отыр. Меритократия қағидатына сәйкес Азат Оралбаев тағайындалды. Ауданды дамытуда бар тәжірибесін, білімін, күш-жігерін жұмсайды деп сенемін", – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Облыс әкімі жаңадан тағайындалған аудан әкіміне басты назар аударып, атқаруды қажет ететін бірқатар мәселелер міндеттеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқындап берген бағытта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуді, ауданда жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Ең алдымен, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, ауыл, елді мекендері жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.


Азат Оралбаев 1983 жылы Ордабасы ауданында туылған. Білімі жоғары. Алматы экономикалық университетін әлемдік экономика мамандығы бойынша бітірген.


Еңбек жолын 2003 жылы Ордабасы ауданы, Бадам ауылында "Батсу" ЖШС-ң кадр бөлімінің меңгерушісі болып бастаған. 2004 - 2010 жылдары Ордабасы аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің маманы, Ордабасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы болған. Бадам ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы, Бадам ауыл округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2010 жылы


Ордабасы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, 2012 - 2017 жылдары Ордабасы ауданы әкімінің аппаратының Аппарат басшысы болған. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.