ТҮРКІСТАН: Ордабасыда өндіріс саласы дамиды

0
382

Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда өндіріс саласы дамиды

Ордабасы ауданын дамыту жолдары сараланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Ауданға арнайы барған өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.


«Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок өнімдерін өндіру жобасы бүгінгі күнге іске асырылмаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды аймақ ашылған. Мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бар. Соңғы жылы пайдалануға тапсырылған инфрақұрылым нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша баяндауды тапсырамын», – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеді.


Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жүктелді. Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берілді. Кемшіліктер ашық айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде.


Мәжілісте аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамытуға кедергі болып отырған мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды.


Жиындағы тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, индикаторларды орындау бойынша жауапты басшыларға уақыт берілді. Ордабасы ауданын өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған аймаққа айналдыру жұмыстары жалғасады.