ТҮРКІСТАН: Ордабасыдағы бірнеше ауылды газдандыру жұмыстары биыл аяқталады

0
402

Мектеп құрылысы да жанданады.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыдағы бірнеше ауылды газдандыру жұмыстары биыл аяқталады

Ордабасы ауданындағы ауылдарға ауызсу мен газ тартылып, бірқатар көше жарықтандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Төрткүл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта іске асырылатын жобалар жайлы айтып берді.


Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, биыл Төрткүл елді мекенін газдандыру жұмыстары толық аяқталады. Ауылда жалпы 1296 абонент бар болса, қазіргі уақытқа дейін 700-ге тарта үймен келісім-шарт түзілген.


«Сондай-ақ Спатаев ауылында да газ тарту жұмыстары биыл бітеді. Онда 214 абонент болса, бүгінгі таңда 150 үймен келісім-шарт түзілген. 306 абоненті бар Қызылжар, 114 абоненті бар Елшібек батыр ауылдарындағы газ тарту жұмыстары да осы жылы аяқталады. Ал, Көкарал мен Еңбекші ауылдарына табиғи газ келесі жылы беріледі. Арыстанды, Жайылма, Ақсары ауылдарына газ тартуға ЖСҚ әзірленіп, тиісті мекемелерге ұсынылған», - деді аудан әкімі өз сөзінде.


Одан бөлек, алдағы уақытта Төрткүл елді мекеніндегі құрылысы тоқтап қалған 300 орындық мектеп пен Қызылжар ауылындағы 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысы қайта жанданбақ. Қарабастау, Еңбекші ауылдарында ФАП құрылысы жүргізілсе, Қызылжардағы ауылдық клуб қайта ағымдағы жөндеуден өткізіледі.


Кездесу соңында тұрғындар әкімге түрлі сұрақтарын қойып, мәселелерді көтерді. Аудан басшысы әр сауалға тұшымды жауап беріп, барлығы хаттамаға енгізілді. Жиыннан кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.