ТҮРКІСТАН: Ордабасылықтар табиғи газбен қамтылып, ауылдарға ауызсу тартылады

0
352

Ауданда көптеген жоба іске асырылып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Ордабасылықтар табиғи газбен қамтылып, ауылдарға ауызсу тартылады

Ордабасы ауданындағы ауылдарға ауызсу мен газ тартылып, бірқатар көше жарықтандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов бекітілген кестеге сәйкес, аудан халқымен кездесіп, тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп беріп жатыр. Аудан басшысы жиындар барысында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы құлағдар етуде.


Аудан әкімінің айтуынша, Кемер ауылындағы 40-тан астам үйге ауыз су құбырын тарту жұмыстары осы айда басталып, шілдеде аяқталады. Ал, 4766 тұрғыны, 712 үйі бар Бөген ауылын газбен қамту жұмыстары 2024 жылы толық аяқталады. Қазіргі таңда 260 үй келісім шартқа тұрып, 20-сы үйіне құбыр тартқызып үлгерген. Ал, Кемер ауылының газ жүйесі бойынша құжаттар салалық басқармаға қаржы қарастыруға ұсынылған.


«Биыл Бөген ауылындағы Ақалтын көшесіне, Кемер ауылындағы Береке, Бірлік көшелеріне жарықтандыру құрылғылары орнатылатын болады. Бөгендегі Ы.Алтынсарин көшесі орташа жөндеуден өткізіліп, стрит воркаут пен балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023 жылға іске асыру жоспарына Бөген елді мекенінен Дәрігерлік амбулатория құрылысы енгізілген. Оның құрылысына ЖСҚ әзірлеуге қаржы қаралған», - делінген аудан әкімі баспасөз қызметінің ақпаратында.


Сондай-ақ, Жеңіс ауылдық округінде ауылшаруашылық саласына жыл басынан бері 24 млн. теңге инвестиция тартылып, 15 гектар алқапқа тамшылатып суғару әдісі ендірілген.


Одан бөлек, Дихан ауылына газ құбырын тарту үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп жатса, алдағы уақытта Жеңістегі су мұнарасына баратын жол мен нысан айналасына тас төселіп, С.Сейфуллин атындағы көше орташа жөндеуден өткізіледі.