ТҮРКІСТАН: Отырарда ауылшаруашылық жәрмеңкеге ұйымдастырылды

0
929

Өнімдерінің бағасы өзге сауда орындарынан 15-20 пайыз төмен болды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда ауылшаруашылық жәрмеңкеге ұйымдастырылды

Түркістан облысы, Отырар ауданында «Алтын күз-2019» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов ауыл шаруашылық техникалары мен асыл тұқымды ірі қара және ұсақ малдар қойылған көрмені тамашалап, мереке аясында ұйымдастырылған жәрмеңкені аралады. Жергілікті өнімдерге басымдық берген жәрмеңкеде көпшілікпен бірге аудан басшысы да сауда жасап, жергілікті бақша өнімдерін сатып алды.

Жәрмеңкеге қойылған ауыл шаруашылық және бақша өнімдерінің бағасы өзге сауда орындарынан 15-20 пайыз төмен болғандықтан тұтынушылардың қарасы көп болды. Шаруалар мен диқандарға мерекелік ізгі тілегін білдірген аудан басшысы:- Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекет басшысы мен үкіметтің арқасында мемлекетіміздің ауыл шарушылығы саласы өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалып, осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда ауданымыздың шаруалары егін және мал басын көбейту ісін ғылыммен ұштастыра отырып, бірқатар табыстарға қол жеткізді. Соның нәтижесінде ауданымызда мал басы өсіп, егістік жер көлемі ұлғайып, өнім алу көрсеткіші еселенді.

"Биылғы жылы ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болды. Жыл басында 33 107 га жерге түрен салынса, оның 11 316 га алқабына Отырардың брендіне айналған жүгері дақылы егілді. 9 айдың қорытындысы бойынша 14 млрд 846 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, жоспар 104,5 пайызға орындалды. Бұған ауыл еңбеккерлерінің сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан да барша аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерді «Алтын-күз-2019» мерекесімен құттықтай отырып, аудан қорын ауыл шаруашылық өнімдеріне толтыра беріңіздер",- деді. Шаруалар қуанышқа кенеліп, дихан рухани күш-қуат алған мерекеде сан саланың үздіктері марапатталды.

«Алтын күз-2019» мерекесінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, өсіру нәтижесі Шілік ауыл округі үздік деп танылса, Маяқұм және Көксарай ауыл округтері жүлделі екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Сондай-ақ шара барысында бір топ ауыл шаруашылық саласының өкілдері аудан әкімінің Алғыс хатымен, арнайы сертификаттармен және аудандық агрокешен қызметкерлері кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталып, арнайы заттай бағалы сыйлықтарға кенелді. Іс-шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.