ТҮРКІСТАН: Отырарда жүгері өнімділігін арттыруға арналған семинар өтті

0
323

Шаруалардың қызығушылығын арттырған семинар жұмысына қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жан-жақты мәліметтер алды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда жүгері өнімділігін арттыруға арналған семинар өтті

Отырарда дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыруға арналған семинар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Отырар ауданында «Дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру» жөнінде семинар-кеңес өтті. Семинарға Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінің ғалымдары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, аудан шаруалары қатысты.


Жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, аграрлық саладағы әлемдік заманауи ғылымның даму үрдісін үлкен тәжірибемен ұштастыра отырып өнім көлемін арттыру жолдарын игерудің маңыздылығын атап өтті.


Семинар барысында Ө.О.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Мақсат Пошанов топырағы тұзданған егістік алқаптарында дәндік жүгері дақылының өнімділігін арттыру мақсатында қолданылатын агротехникалық, агрохимиялық іс-шаралар туралы баяндаса, Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шахислам Лайсханов Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлері топырақтарының тұздану жағдайы және жүгері дақылының өнімділігіне әсері туралы ғылыми жұмыстарын таныстырды.


Сондай-ақ отырыста Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әлім Сайдалиев өңірімізде ғылым негізіне сүйеніп жетістікке жеткен шаруалардың аз емес екенін айтса, «Explanta» ЖШС-нің сату менеджері Даурен Джайдакбаев пен «Төребек» ЖШС төрағасы Төребек Дайрабаев бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өнім көлемін арттырудағы тәжірибелерімен бөлісті.


Шаруалардың қызығушылығын арттырған семинар жұмысына қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, жан-жақты мәліметтер алды.


Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу жұмыстары арнайы кітап жинаққа енгізілген болатын. Шара барысында «Отырар ауданының агроландшафттары» атауымен жарыққа шыққан кітаптың лентасы қиылып, шаруаларға таратылып берілді.